Рейн өзені тартылып барады

Германияда кеме қатынасының күре тамыры саналатын Рейн өзенінің деңгейі аптап салдарынан төмендеп кетті. Қазір оның тереңдігі бір метрге де жетпейді. Соның кесірінен кеме қатынасы тоқтап қала ма деген қауіп бар. Егер өзенмен кеме жүзбесе, көмір, бидай, мұнай мен металл тасымалы тұралап қалады. Бұл ел экономикасына ауыр тиеді, дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, Рейннің саяздануы электр станцияларының жұмысына да әсерін тигізеді. Өйткені кейбір электр станцияларына жанармай жетпей жатыр екен.

Францияның Жиронда департаментінде өрттен тұрғындар эвакуацияланды

Францияның Жиронда департаментінде Белин-Белиет ауылының тұрғындары түгелдей эвакуацияланды. Өйткені орман өрті елді мекендерге жетіп, күл-талқанын шығарды. Үйлер отқа оранып, көліктер жанып кетті. 1000-нан астам маман өртті ауыздықтауға тырысып баққанымен, әзірге тілсіз жау алдында дәрменсіз. Өйткені адам күші мен арнайы техника жетіспейді. Сондықтан Еуроодақ елдері аймаққа 100 деген өрт сөндірушіні жіберді.  

Францияда балық қырылды

Өрттен бөлек, Францияда күннің күрт ысуынан көлдің суы тартылды. Салдарынан балық жаппай қырылып жатыр. Қазір табиғат қорғаушылары қалған балықты теріп алып, өзге су айдындарына жіберіп жатыр. Судың жоқтығы шаруаларға да қиын соғып тұр. Өйткені егіс алқаптары түгелдей құрдымға кетудің алдында тұр. 

Мексикада мал қырылып жатыр

Ұзақ уақыттан бері жарытып жаңбыр жаумағандықтан, жер кеуіп кеткен. шөлейтке шыдас бермеген төрт түлік шетінен сұлауда. Шаруалар жағдайды айтып қанша шырылдағанымен, жергілікті биліктен қайыр жоқ. Жылда мыңғырта мал жаятын жерлердің сыйқы сүреңсіз. Шаңы шығып, шөбін қуаңшылық қуратқан. Жергілікті синоптиктердің айтуынша, шілде айында ауа температурасы 45 градусқа жеткен. Салдарынан тоғандардағы су деңгейі айтарлықтай төмендеп кеткен. Әдеттегі нормадан екі  есе аз. 

Португалияда ең ірі қорық отқа оранды

Португалия бұл күндері қызыл жалынмен күресіп келеді. Елде 1000 шаршы шақырым жерді алып жатқан ең ірі қорық өртеніп жатыр. Оған аймақтағы аптап себеп. Жалпы, осы жазда Португалияда күн өте ыстық. Шілде ел тарихындағы ең ыстық ай болып тіркелді. Соның салдарынан жергілікті өзендер айтарлықтай таязданып кеткен.

Шанхайда 150 жылда болмаған ыстық орнады     

Қытайдың Шанхай шаһарында 150 жылда болмаған аптап орнады. Соңғы алты күн қатарынан сынап бағанасы 40 градустан төмендемей тұр. Мамандардың айтуынша, қапырықтың осыншама уақытқа созылуы соңғы рет 1873 жылы тіркелген. Естеріңізге сала кетейін, алдыңғы рекорд 2013 жылы орнаған еді. Сол кезде  аптап 5 күнге созылған болатын. Болжам бойынша бұл жолы Шанхайдағы ыстық ұзақ сақталады. Кемі 10 күн қалада аптап басылмайды, дейді синоптиктер.