476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Киевте некеге тұрғандар саны артқан

  • 177
  • UPD: 15:07, 14.08.2022

Қарулы қақтығысқа қарамастан Украина астанасы Киевте некеге тұрғандардың саны өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда он есе көп. Ресми статистикаға сүйенсек, бес айда тоғыз мыңнан астам жас отбасын құрған.

Соғыстың алғашқы күнінен Украина қарулы күштерінің құрамында қолына қару алып, қызмет етіп келетін лейтенант Гладченко бейбіт күнде үйленуге асыққан емес едім, дейді ағынан жарылып. Алайда майдан шебінде жүрген жиырма бес жастағы жігіттің бүгінде өмірлік құндылықтары өзгерген. Соғысып жүрген жерінен Киевке бес күнге сұранып келіп, қызына ұсыныс жасайды, екі жақтың туыстары кішігірім той ұйымдастырып жіберген.

Андрей Гладченко, күйеу жігіт:

- Елімдегі жағдай менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті, әр күнімді, әр уақытымды бағалаймын. Сондықтан сүйіктіммен отбасы құрамыз деп шешім қабылдадық.

Лилия, қалыңдық:

- Соғыс уақытында дос, туыс, жақын адамды бағалап, қадірін түсінесің. Осындай қиын сәтте азаматым қорықпай ұсыныс жасады, алыста жүрсек те отау құруды қолға алдық.

Қарулы қақтығысқа қарамастан Киевте неке тіркеу рәсімі он есе артқан. Бес айдағы ресми статистика бойынша некесін заңды тіркеген жұп саны 9120-ға жеткен. Ал өткен жылы небәрі 1100 жұп үйленген дейді Украина әділет министрлігі.

Евгения Романюк, психолог:

- Меніңше, қиын-қыстау сәтте адамдар бір-біріне сүйеу болғысы келеді. Өйткені қазіргідей уақытта ойларын үрей билеген. Байқауымша, соғысқа дейін жүріп жүрген қыз-жігіттер қазір жиі үйленіп жатыр. Соғыс осындай шешім қабылдауға себепкер болды.

Осындай қиын сәтте адамдар тәуекелге барып жатыр. Әрине белгісіздік, үрей, қорқыныш бар, сонымен қатар сенім де жоқ емес. Қанша жылдан бері бірге болып келген талай достарым биыл ғана жаппай некелерін заңды түрде тіркей бастады.

Қазір Украина бойынша АХАЖ бөлімдерінде некені тіркеу оңтайланған тәртіп бойынша жұмыс істейді. Әсіресе әскери полиция және медицина қызметкерлері неке қиюды онлайн форматта жүзеге асыра алады.

Аида Қыдырбай

Хабар 24 телеарнасы