Қытайда ауа райына қатысты төтенше жағдайдың қызыл белгісі жарияланды

Қытайда ауа райына қатысты төтенше жағдайдың қызыл белгісі орнады. Елдің метеорология орталығы бұрың-соңды болмаған аптап ыстыққа байланысты дабыл қағуда. Шыңжаң, Шаньси, Хебей, Хенан сияқты елдің бірқатар аумағында күннің қатты ысығаны байқалады. Мұндағы сынап бағанасы 35 пен 40 градус шамасын көрсетіп тұр. Тіпті кей өңірде 40 градустан асады. Осы ретте ел билігі сыртта өтетін іс-шараларға уақытша тоқтау салып, сақтық шараларын қолдануға үндеп отыр. Әсіресе ыстыққа төзе алмайтын жандар барынша абай болуы тиіс.

Францияда 7 мың гектар орман өртеніп кетті

Кәрі Құрлық та жаһандық климат өзгерісінің белгілерін биыл жазда анық сезді. Францияның орман өртімен күресіп жатқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Еуроодақтың 1500-ге жуық өрт сөндірушісі қызыл жалынды сөндіруге жұмылған. Қазірдің өзінде елде шамамен 7 мың гектар орманды алқап өртеніп кеткен. 

Британияда қуаңшылық жарияланды 

Ұлыбритания аумағының 60 пайызы құрғап жатыр. Қазір өрт сөндірушілер елдің оңтүстігіндегі орман өртімен арпалысуда. Былтырғымен салыстырғанда тілсіз жаудан келген қауіп 5 есеге артқан. Мұнда қауіптің сары белгісі жарияланған. Қоршаған орта агенттігі 14 аумақта құрғақшылық жайлағанын жариялады. Агенттіктің хабарлауынша, қуаңшылық келесі жылға дейін созылуы мүмкін.

Испанияда қуаңшылықтан шаруалар қиналды

Қуаңшылық Испан елінде әбігерге салды. Әсіресе ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Елдің Андалузия өңіріндегі фермерлер жүздеген авокадо мен манго ағашын тіршілік нәрінсіз қалдыруға мәжбүр. Өзге ағашқа су жеткізудің  жалғыз ғана амалы осы болса керек. Испанияның оңтүстігіндегі Винуэла су қоймасы толықанды қызмет көрсете алмай, қуатының 12 процентін ғана жаратып отыр.   

Елена Санчес, су шаруашылығының иесі:

- Мұнағы тропикалық өнім шаруашылығы қиын жағдайға қалды. 10 мың адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар қысқарса бұл жұмысшылар қайда бармақ?      

Экобелсенділер акциясы

Германияның Гамбург қаласында  150-ге жуық экобелсенді наразылық акциясын ұйымдастырды. Осылайша олар қатты отынды пайдалануға қарсылық білдірді. Экобелсенділер сұйық отынға көшіп, қоршаған ортаға көміртегін бөлуге тоқтау салуды талап етуде. Теміржол рельсіне отырғандарды полиция қызметкерлері күштеп әкетуге мәжбүр болды.