loader

Тақ: тәліптер билігіне бір жыл 

Тақ: тәліптер билігіне бір жыл 

Тәліптердің Кабулды басып алып, Ауғанстан президенті Ғани Ашрафтың елден қашқанына тура бір жыл болды. Былтыр 15 тамызда тәліп қозғалысы ресми түрде билік тізгінін қолына алғанымен, әлемнің ешбір мемлекеті үкіметті мойындаған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәліптердің билігі орнағаннан кейін жағдайы онсыз шатқаяқтаған халықтың тұрмысы нашарлай түсті. БҰҰ-на қарасты халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша тәліп үкіметі құрылған алғашқы айларда жарты миллион ауғандық жұмыссыз қалды. Олардың дені – әйелдер. Былтырғы жылдың үшінші тоқсанында оларды жұмыспен қамту 16 процентке кеміген. БҰҰ биыл жарты жылда 28 процентке дейін төмендейді деген болжам жасады. Кәсіпкерлер пандемияның салдарынан өз-өзіне келіп үлгермеп еді, оның үстіне биылғы қуаңшылық жығылғанға жұдырық болды.

Бас киім сатушы:

Саудамен айналысқаныма 15 жыл болды. Сатып алушылардың қарасы бұрынғыдай емес. Тұтас Ауғанстанның жағдайы мүшкіл. Бәрі де қымбаттап жатыр. Кәсібімді ұлғайтып, дүкен ашсам деп едім. Бүгін саудаға шығарған дүниемді, ертең сатып ала алмаймын.

Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс жайлаған. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, былтыр аштықтан 14 млн адам зардап шексе, биыл наурызда олардың саны 23 млн-ға жеткен. Халықтың 95 проценті ашқұрсақ. Дүниеге келген сәбилердің халі тіптен мүшкіл. Бұған Кабул ауруханасының аурушаң шақалақтарға лық толуы дәлел. 5 жасқа дейінгі милионнан астам бүлдіршін аштықтан шалажансар күйге түсті. Қазірдің өзінде ел бойынша ауыр халдегі бала саны 28 мыңға жеткен. ЮНИСЕФ-тің дерегі осы.

Мәриам, Кабул тұрғыны:

Ақшамыз жоқ. Тұрмысымыз нашар. Жүкті кезімде тойып тамақ ішпеп едім. Қажет дәріні алуға да ақшам болмады. Сол себепті сәбиім әлжуаз боп туды. Бөпемді емдеу қажет қаражатым жоқ.

Мелани Галвин, ЮНИСЕФ өкілі:

Балаларды емдеп жазу үшін бізге ұзақ мерзімді шешім қажет. 2023 жылы да бұл жағдай жалғасатынына сенімдімін. Елге қажет қорды жеткізуде мәселе бар. Дегенмен халықаралық қауымдастықтың көмегімен қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Тек сол көмек тоқтамаса екен. 

Бұл – «Тәліптер бізді қамауға алды» деп ұрандатқан ауған келіншектері. Радикалдар билік басына келісімен, әйелдердің құқығын шектеп тастады. Әуел баста халықаралық қауымдастықтың қысымынан сескеніп, қыздардың білім алуына тыйым салмайтынын айтқан еді. Алайда наурызда бұл райынан айнып қалды. Шариғат заңына сәйкес жоспар құрылмайынша, қыздарға орта білім мектебінің есігі ашылмайтынын хабарлады. Жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген әйелдер қызметінен қуылды. Көшеге аттап шығуға тыйым салынды. Шыққан күннің өзінде бет-жүзін жауып жүру міндеттелген. Ер азаматсыз үйден 72 шақырымға ұзауға тағы рұқсат жоқ. Бұрынғы полиция қызметкері Гүлістан Сафари қоғамның олардан сырт айналғанына налып отыр.

Гүлістан Сафари, бұрынғы полиция қызметкері:

Қызметім өзіме ұнайтын. Бірақ тәліптер келіп жұмысқа шығуыма тыйым салды. Үйде отырыңдар, мұнда әйелдер келмеуге тиіс деді. Наразылық шеруіне шықтық. Хиджаб киеміз, тек жұмысқа шығуға рұқсат берілсе деп едік. Алайда олар бізге қару кезеп, көздеріңді жоғалтыңдар деді.

Иә, тәліптердің идеалогиясына қарсы шыққандарға аяушылық жоқ. Reporters without borders халықаралық ұйымы келтіргендей, бір жылдың ішінде 547 бұқаралық ақпарат құралының 219-ы жабылған. 11 мыңнан астам тілшінің қазір үштен бір бөлігі ғана жұмысын жалғастырып жатыр.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың 14 сәуірінде АҚШ Президенті Джо Байден Ауғанстаннан әскерді кезең-кезеңімен шығаратынын мәлімдеді. Әскердің соңғы жасағы тамызда кетісімен, тәліптер Кабулды басып алды. Тәліптердің қаһарынан қорыққан 3,5 млн халық ел ішінде босып кетті. Ал 7 қыркүйекте радикалдар қозғалысы жаңа үкіметтің құрылғанын жариялады. Бірақ жаһан елдерінің ешқайсысы ол үкіметті мойындаған жоқ.

Авторы: Бақыт Топтаева

Сондай-ақ...