42 ел Ресейді Запорожье АЭС-інен әскерін әкетуге шақырды

40-тан астам мемлекет Ресейді Запорожье атом электр станциясынан әскерін әкетуге шақырды.

Үндеу БҰҰ жанындағы Еуроодақ Өкілдігінің мәлімдемесінде айтылды. Өйткені әлемнің жетекші елдері қазір аталған нысанда болып жатқан жағдайға қатты алаңдаулы. Станция тұрақты түрде атқыланып жатыр. Ол жақта әлі күнге дейін украин мамандары жұмыс істеуде. Жалпы жағдай осылай жалғаса берсе, снарядтар ядролық қалдықтарға тие ме деген қауіп бар.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресей әскерінің Запорожье атом электр станциясы мен еліміздің өзге де өңірлерінде қала беруі Еуропаға төнген радиациялық қауіп деңгейін арттырып келеді. Мұндай жағдай тіпті қырғиқабақ соғыс кезінде де болмаған. Сондықтан бұған қарсы қатаң әрекет ету керек. Украиналық дипломаттар мен серіктес мемлекеттердің өкілдері Ресейге салынатын жаңа санкциялар осы елдің атом саласын шектеуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.