Электромобильдер адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін

Сарапшылар электрмобильдерге байланысты әлемге жаңа жұмыссыздық қаупі төніп тұрғанын ескертеді. Кейінгі уақытта көліктің бұл түріне деген сұраныс артып барады. Ал кәдімгі темір тұлпарға қарағанда оның өндірісі аз еңбекті қажет етеді. Сондықтан мәселен Форд компаниясы 8 мың қызметкерін қысқартуды жоспарлап отыр. Егер АҚШ нарығында электрмобильдердің үлесі 50 проценттен асса, жергілікті көлік өндірушілерге 75 мың жұмыс орнын қысқартуға тура келеді. 2030 жылға таман Еуропа елдері де электрмобильдерге көшуді жоспарлап отыр. Сарапшылар бұл біраз адамныңң жұмыссыз қалуына әсер етенін айтады. 

Еңбек нарығындағы ахуалға коронавирус қатты әсер етті. Пандемияның алғашқы жылы 34 миллион жас адам жұмыссыз қалған екен. Өйткені кейбіреулер білім алуын жалғастыру мүмкіндігінен айырылды. Көп мекеме қызметін тоқтатқанда, енді ғана оқуын аяқтаған тәжірибесі аз азаматтардың жұмыста қалу мүмкіндігі азайғаны түсінікті. Халықаралық еңбек нарығының биылға жасап отырған болжамы көңіл көншітпейді. Олар екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны 73 миллионға жете ме деп алаңдайды. Бұл пандемияға дейінгі 2019-шы жылмен салыстырғанда, 6 миллион адамға көп. 

Марта Ньютон, халықаралық еңбек ұйымының өкілі:

- Жастардың екі қолға бір күрек таппай отыруының бір себебі - білім деңгейінің төмендігі және тәжірибесінің аздығы. Коронавирус салдарынан оқуын жалғастыра алмай қалғандар қаншама. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінде бізді әсіресе әйелдердің  жағдайы алаңдатып отыр. Өйткені пандемия кесірінен қызметінен айырылғандардың көбі қыз-келіншектер.

Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі рекордтық 20 процентке жуықтады. Сарапшылар оған коронавирус пандемиясы себеп болғанын айтады. Өйткені билік індетпен күресте "нөлдік төзімділік" саясатын ұстанады. Яғни вирусты жұқтырудың бірлі-жарым оқиғасы үшін қатаң шектеу шараларын қолданады. Соның салдарынан көптеген кәсіпорын мен тамақтану орны жабылып, бүгінде жоғары оқу орнының 11 миллион түлегі жұмыс таппай сенделіп жүр. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, компаниялардың үштен бірі тәжірибесі аз жастарды жұмысқа алуға асықпайтынын жасырмай айтқан. Сол себепті билік жұмыссыздықпен күреске 400 миллиард доллар бөлуді көздеп отыр. 

Лю Цянь, ЖОО түлегі:

- Мен университетте оқып жүргенде, бос орындар болған. Бірақ оқуымды аяқтағаннан кейін жұмыс таппай үлкен қиындыққа тап болдым. Менімен бірнеше компания сұхбат өткізді. Олар жаңаларын алмақ түгіл, бұрынғы қызметкерлерін қысқартқалы жатқанын айтты. Бұрын болашаққа зор үмітпен қараушы едім. Қазір ондай сенім жоқ.  

Чжан Чэнган, экономика және бизнес университетінің доценті:

- Еңбек нарығындағы жағдай тұрақсыз. Биыл көктемде біраз компанияның өндіріс көлемін қысқартқанын көрдік. Сондықтан оларда жаңадан қызметкерлер алу қажеттілігі жоқ. Нарықтағы тұрақсыздық әлі де сақталады деп ойлаймын. Сондықтан жастар жағы өзгерістерге тез бейімделіп үйрену керек.  

Польшаның еңбек нарығындағы жағдай керісінше қуантарлық. Мұнда шілдеде жұмыссыздық 5 процентке жуықтаған. Ол кейінгі 32 жылда болмаған ең төменгі көрсеткіш. Бұған Украинадағы жағдай әсер еткен. Көрші елде шиеленіс басталғалы көп адам осы Польшаға босып кеткен. Солардың 372 мыңы осында жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ әлемде инфляцияның өршуіне байланысты жергілікті тұрғындар бұрын өзге елдерден келетін еңбек мигранттарының істейтін жұмыстармен өздері айналысатын болған. Бұл әсіресе тамақ өнеркәсібі мен логистика саласында байқалып отырған жағдай.