Венесуэлада мұғалімдер шеруге шықты

Венесуэла астанасы Каракаста бірнеше апта бұрын басталған мұғалімдердің шеруі күшейіп барады.

Бүкіл ел бойынша мыңдаған ұстаз бас көтерген. Олар жазғы демалысқа берілетін төлемақының толық төленбегеніне наразы. Мұғалімдер "осы ақшаға балаларымызға киім-кешек, құрал-жабдық алатын едік" деп қиналып отыр. Үкімет төлемей, ұстап қалған қаржы көлемі 100 долларға тең. Ұстаздар "талабымыз орындалмаса, жаңа оқу жылын бастауға кедергі жасаймыз" деп қорқытты. Венесуэлада жалақы мен әлеуметтік жағдай төмен болғандықтан соңғы 5 жылда елдегі 370 мың мұғалімнің жартысы жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Ерли Руиз, әлеуметтану пәнінің мұғалімі:

- Менің жалақым негізі кемінде 1400 доллар болу керек. Ал қазір табысым жеткілікті болу үшін бірнеше жерде сабақ беремін. Ізденуге, біліктілікті арттыруға және зерттеу жасауға мүлде уақыт жоқ. Қазіргі айлығым 90-ақ доллар. Айтуға ұят. Шеруге шығу арқылы осы ауыр жағдайымызды түзейміз деген үміт бар.