Қырғызстанда азаматтар Халық Құрылтайының делегаты бола алады

Қоғамда беделі бар әрбір адам жасы мен лауазымына қарамастан Халық Құрылтайының делегаты бола алады.

Ең бастысы тәжірибесі мол және жұрт қадірлейтін тұлға болуы керек. Міндеті - бірлесіп елдегі өзекті мәселелерді шешу болмақ. 

Чолпонкул Арабаев, академик:

- Мемлекет басшысы ретінде президент немесе өзге де мемлекеттік органдар Құрылтайға ақпарат беріп тұрады. Ал халық өз тарапынан тиісті мекемелер шеше алмаған мәселелерді жеткізеді.

Егер жоғары лауазымды билік өкілі жұмысын атқара алмаса, Халық Құрылтайының делегаттары Президентке оны қызметінен алып тастауға ұсыныс жасай алады. Сондай-ақ ел болашағын анықтайтын шешімдер бойынша мемлекет басшысына кеңес беруге құқығы бар. Алайда парламентпен бір жұмысты жарыса жүргізетін орган құрудың қажеті не деген сауал туындайды. Дегенмен идеяны жақтаушылар «депутаттар саясатқа тәуелді болса, құрылтай мүшелері халыққа жақынырақ болады» дейді.

Байас Турал, публицист:

- Отыз жылда тығырыққа тіреліп қалдық, елімізді одан шығару керек. Мұны тек құрылтайдың, халықтың көмегімен жасай алатынымызға сенімдімін. Өйткені Құрылтай - халық таңдаулыларының жиналысы.

2010 жылы Қырғызстан Халық Құрылтайына мемлекеттік мәртебе беруге тырысқан еді. Сол кезде алғаш рет жиналыс өткізілген болатын. Енді ұйымдастыру комитеті құрылып, жеті облыстың құзырлы өкілдеріне делегаттарды іріктеу бойынша тапсырма берілді. Халық құрылтайы 25 қарашада өткізілмекші.

Авторы: Бақыт Чермашев