Тунистен ағаш қайықпен шыққан 101 мигрант құтқарылды

Олар Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жету үшін 1 күн бұрын сапарға шығып, кейін судың ортасында тұрып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақытта қайырымдылық мақсатында құрылған құтқарушылар тобы көмекке келді. Енді белсенділер босқындарды 26 төсегі бар ауруханаға орналастыруды көздеп отыр. Халықаралық көші-қон ұйымы биылғы жыл басынан бері Жерорта теңізінде 1 мыңнан астам адамның суға батып, ажал құшқанын айтады.

Мауро Ди Си, құтқарушы:

Біз бұл қайықты түнгі 2-де таптық. Оны ұялы телефонымыздағы жерсерігі қосымшасы арқылы анықтадық. Келсек, жүзден астам адам не істерін білмей, дағдарып отыр. Сөйтсек, олардың жанармайы бітіп қалған екен. Көп адамға ауыз су жетіспей, ауыра бастаған. Сәл кешіккенімізде қайғылы оқиға болар еді.