Тедрос Гебрейесус: Эфиопиядағы дағдарыс алаңдатады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус Эфиопиядағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі Тыграй аймағындағы кедей халықтың  назардан тыс қалуының  бірден бір себебі олардың «терісінің түсінде» болуы мүмкін дейді. Тедрос «ұзаққа созылған бұл дағдарыс – жер бетіндегі ең ауыр қасірет» деп кесіп айтты. Ол әлем елдерінің көшбасыларын Эфиопиядағы жағдайға тиісті деңгейде назар аудармайтынын қатаң сынға алды. Ұйым басшысының пайымдауынша, бұл мәселе Украинадағы дағдарыстан еш кем түспейді.

Айта кетейік, қазіргі таңда 6 млн-ға жуық Тыграй тұрғыны аштыққа ұшыраған. 2 жылдан бері жергілікті халық көмекке зәру болып отыр. Халі мүшкіл жұртты аман алып қалу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 123 млн доллардан астам қаражат керек дейді.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас хатшысы:

– Тыграйдағы гуманитарлық дағдарыс Украинаға қарағанда күшейе түсуде. Мен еш асыра сілтеп отырған жоқпын. Үнемі көтеріп келе жатқан мәселем. Бұл жағдайға тиісті көңіл бөлінбей отырғанының себебі «тұрғындарының терісінің түсінде» болуы мүмкін. Соңғы кезде бірде-бір елдің президенті Эфиопиядағы аштық жайында сөз қозғағанын естімеппін. Неліктен? Оның жауабын біліп отырмыз. Әрине келіссөздер, талқылаулар жүріп жатыр. Бірақ 6 млн халық өлуге шақ тұрғанда шұғыл әрекеттер жасалуы тиіс.