Климаттың өзгеруінен адамзатқа зор қауіп төніп тұр

Климаттың өзгеруінен адамзатқа зор қауіп төніп тұр

Климат өзгерісі адамзатқа зор қауіп төндіріп тұр. Мұның зардабын қазірдің өзінде жекелеген елдер, тіпті тұтас аймақтар тарта бастады. Германиядағы мұздықтар еріп, Сербия, Косово мен АҚШ-та өзен-көлдер тартылып жатыр. 

Баварияның мұздықтары еріп жатыр. Мамандар 15 жылдан кейін олар мүлде құриды деп қауіптенеді. Өйткені температура уақыт өткен сайын жоғарылап барады. "Жұт жеті ағайынды" демекші, Сахара шақтан жақтан құмды дауыл да жиі соға бастады. Ғалымдар шөлден жеткен шаң-тозаң бүкіл Еуропаны құрсаулап жатыр. Десе де сарапшылар газ қалдығы қысқарса, Альпі мұздықтарын аман сақтап қалуға болады деген пікірде.

Кристоф Майер, Бавария ғылым академиясының мұздықтанушысы:

- Альпіде әлі 3 мыңға жуық мұздық бар. Бірақ олардың көбі 50 жылдан кейін жойылады. Ал Германия жағындағы мұздықтар тіпті 15 жылда жоғалуы мүмкін. Бұл үдерісті қардың бетіне түсіп жатқан құм мен шаң жылдамдатып жатыр. Бұл дағдарысты шешудің бірден бір жолы ауаға бөлінетін газ қалдығын азайту.

СЕРБИЯ

Дунайдың Сербия аумағындағы бөлігі де тартылып жатыр. Су деңгейі төмендеген соң немістің әскери кемесі табылды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде батып кеткен екен. Осындай көптеген кемелерде тонна-тонна жарылғыш зат салынған. Сондықтан бұл іс Сербия үкіметін алаңдатып отыр. Осының алдында ғана билік оқ-дәріні өзеннен шығару бойынша 30 миллион долларға бағаланған тендер жариялаған болатын.

Велимир Тражилович, Германия кемелері туралы кітаптың авторы:

- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде суға батқан бұл кемелер біз үшін үлкен экологиялық мәселелер әкеліп отыр. Соңғы 78 жыл бойы біз осының зардабын тартып келеміз. Мына кемеде кемінде 10 мыңға жуық келі жарылғыш зат бар. Олардың қаншалықты қауіпті екенін біз білмейміз.

Косовода қуаңшылық көлдің түбіне жетті. Балығы тайдай тулаған айдынның орнында қазір жылғалар ғана бар. Жауын-шашын мүлде болмағандықтан, су қоймалары да тартылып қалды.

Ариан Маврики, азаматтық белсенді:

- Күн қатты ысып, көлдің суы тартылып қалды. Осының салдарынан балықтар құрғақ жерде қалып, шетінен қырылып жатыр. Мен оларды жинап, суы бар аумаққа жіберіп жатырмын. Оларды құтқару - менің миссиям.

АҚШ

АҚШ-та Колорадо өзені құрғап жатыр. Осыған байланысты билік бірнеше штатқа дариядан алынатын су көлемін азайтуды жоспарлап отыр. Аризона аймағына баратын тіршілік көзі 21, ал Невадаға жіберілетін су көлемі 8 пайызға қысқармақ.

Сара Портер, сарапшы:

- Колорадо су соңғы 100 жылда алғаш рет азая бастады. Соған сәйкес электр станцияларының да қуаты кеміп жатыр. Бұдан халық та қиналады. 

Қуаңшылықтың зардабы Мид және Пауэлл көлдеріне де тиіп жатыр. Колорадо арнасы тартылған соң олардың да суы 25 пайызға азайған.

Ернат Қашқынов