Грузияда бәйге жарысы өтті

Грузияда бәйге ұйымдастырылды. Ат жарыс қалыптасқан дәстүр бойынша әсем табиғатымен танымал Бахмаро елді мекенінде өтті. Оған жер-жерден жиналған 65 шабандоз қатысты.

Ауыздығымен алысқан қазмойын, тұлпарлардың тізгінін тартқан шабандоздар. Гүржі елінің Бахмаро шипажайында желмен жарысқан жүйріктердің жарысы өтті. Бастауын көне заманнан алатын бұл дәстүр христиан мерекесіне орайластырылды.

Давид Шарашидзе, Чохатаури ауданының мэрі:

- Ескі дәстүр бойынша бізде Алма мерекесі әрдайым ат жарысымен аталып өтеді. Кезінде дәл осы жерде үнемі бәйге ұйымдастырылып, жеңімпазға қой берілетін. Бабалардан қалған осы бір дәстүрді енді біз жалғастырып келеміз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда адам қарасы қалың. Бәрі мерекені тойлауға келгендер.

Жыл сайын Бахмаро шипажайына елдің әр өңірінен келген атбегілер бабы мен бағы келіскен пырақтарын бәйгеге қосады. Биыл додалы бәсекеге аузымен құс тістеген 65 тұлпар қатысты. Сәйгүліктер таулы-тасты жерлермен төрт түрлі қашықтық бойынша жарысты. 

Тазо Чхиквадзе, турнирге қатысушы:

- Мен Чохатауриден келдім. Жарысқа еліміздің өзге де өңірлерінен келіп, қатысып жатқандар бар. Бәрі өз жылқысымен келген. Дәстүрімізді қолдап, мен де өз сәйгүлігіммен жарыс жолына түстім.

Қалың жұрттың делебесін қоздырған ат жарысқа жанкүйерлер көптеп жиналды. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қалың қауымның қарасында қисап жоқ. Арасында жергілікті тұрғындар да, шетелдік туристер де бар.

Марьям, жанкүйер:

- Осында демалысымызды өткізу үшін келдік. Мұнда жету үшін алдын ала жоспар құрдық. Себебі маған ұлттық бояуы бар дүниенің бәрі ұнайды. Меніңше, мұндай шаралар бізге, біздің болашағымызға өте қажет.

Жұрттың делебесін қоздырған ат жарыс, Бахмароның тұмса табиғаты келген қонақтарды, сөзсіз, керемет әсерге бөлеп, ұмытылмас сәттер сыйлады. Осылайша тау етегіндегі дүбірлі бәйге мәресіне жетіп, ел мерейін асқақтатты. 

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили