Тоқшылыққа үйренген дамыған елдердің жағдайы мәз емес

Екі жылға созылған пандемия жаһандық экономикаға оңай тимеді. Шекаралар жабылып, логистикалық тізбектер үзілгеннен кейін әлемді қымбатшылық жайлады. Ал Украинада әскери қимыл басталғаннан кейін инфляция тіпті шарықтап кетті. Санкциялардың кесірінен жанармай қымбаттап, бұл өз кезегінде өзге де тауарлар бағасының өсуіне әкелді. Украина әлемдегі негізгі ауылшаруашылық өндірушілерінің бірі болғандықтан азық-түлік бағасы да күрт көтерілді. Қазір Африкадағы бірқатар елдерге ашаршылық қаупі төніп тұр. Тоқшылыққа үйренген дамыған елдердің де жағдайы мәз емес.

Ұзақ жылдар бойы Еуропа елдері, ал арасында Германия ресейлік отынға тәуелді болып келді. Украинадағы әскери қимылы үшін Батыс елдері Мәскеуге қарсы қабылдаған санкциялар мен жауап шаралардың салдарынан қуат көздерінің бағасы өсіп, бұл өз кезегінде бүкіл тауардың қымбаттауына әкелді. Германияда мамыр айында инфляция деңгейі 7,9 процентке жетті. Үкімет отынға баж салығын төмендетіп, халықты пойыздармен жүруге ынталандыру үшін теміржол билеттеріне субсидия бөлгеннен кейін, шілде айында инфляция деңгейі жеті жарым процентке төмендеді. Алайда жақында бұл шаралардың мерзімі бітетіндіктен, Германияның орталық банкісі күзде инфляция 10 процентке жетуі мүмкін деп мәлімдеді. 

Ұлыбритания

Ұлыбританияда қазірдің өзінде инфляция бұл деңгейден асып кетті. Шілде айында ол 10,1 процентке жетті. Негізінен азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар қымбаттаған. Биыл жеке меншік үйлер газ бен жылу үшін бір жарым есе көп төлеп жүр. Осының салдарынан баспанасыздар саны өсіп кетті.

БЛИЦ

- Бүгін таңертең бір әйелмен сөйлесіп едім. Ол иелігіндегі үйін күтуге мұршасы жетпейтіндіктен, оны сатуға тура келеді дейді.

- Пәтер жалдау ақысы өскендіктен, баспанасыздар саны артқанын байқап отырмыз. 

АҚШ

АҚШ-та бағалардың өсуі қарапайым халыққа ауыр тиіп тұр. Өйткені жалақысының нақты мөлшері инфляция деңгейіне сай келмейді. 

Дэвид Блэр, Қытай және жаһандануды зерттеу орталығының вице-президенті:

- АҚШ-та орташа жалақының нақты мөлшері 1979 жылдан бері көтерілген жоқ. Яғни 40 жылдан аса еңбеккерлердің табысы өспей жүр. Өткен сейсенбіде АҚШ президенті ,,Инфляцияны төмендету заңына,, қол қойды. Оған сәйкес ірі корпорациялар мен аса дәулетті тұлғалар төлейтін салық мөлшері артып, табысы төмен азаматтарға қосымша жәрдем көрсетіледі. Алайда сарапшылар бұл заң инфляция мәселесін толық шеше алмайды дейді.

Канада

Көрші ел Канадада соңғы бір айда азық-түлік бағасы өткен аймен салыстырғанда  9, 9 процентке қымбаттады. Мұқтаж жандарды  тегін қамтитын ұйымдар жыл басынан бері көмек сұраған адамдар саны 19 процентке артқанын айтады. Бұрын олардың жәрдеміне иммигранттар мен егде жастағылар жүгінсе, қазір тіпті жұмысы бар адамдар келетін болған.

Австралия

Австралияда да көптеген адамдар қосымша табыс іздеуге мәжбүр. Кезінде қаржылай қиналмайтын есепші Белла Бурджио енді өз киімін арнайы платформа арқылы жалға беретін болды. Бұл айына оған 500-дей доллар табыс әкеп жүр. Елде осындай қосымша табыс алуға көмектесетін қауымдастықтар саны да көбейген.

Оливер Вулрич, Fiverr қауымдастығын ұйымдастырушы:

- Жақында жариялаған баяндамамызға сәйкес әрбір үшінші адам қосымша табыс іздейді екен.

Зимбабве

Дамыған елдердің тұрғындары қымбатшылықтан зардап шегіп жүрген  кезде, Африка тұрғындары күнін әрең көріп жүр. Пандемияға дейін де рекордтық инфляция азабын тартқан Зимбабведе тұрғындарының көбі жарықсыз өмір сүруге мәжбүр. Тіпті асын да ауласында от жағып дайындайды.

Кения

Ал қуаңшылыққа ұшыраған Африкалық мүйіз елдерінің тұрғындарына ашаршылық қаупі төніп тұр.

Сахара Абдиллех, Ваджир өңірінің тұрғыны:

- Біз көшпенділерміз, малымыз қуаңшылықтан қырылғаннан кейін түгіміз қалған жоқ. Бізге дереу көмек керек. 

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының  басшысы Дэвид Бизлидің айтуынша, АҚШ алдағы уақытта Украинадан 150 мың тонна бидай сатып алып, осы өңірге жібереді. Алайда бұл жеткіліксіз болғандықтан, ол өзге елдерден де жәрдем беруді сұрап отыр.

Дэвид Бизли, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры:

- Мұнайдан түсетін пайда қазір аса жоғары екенін ескерсек, апта сайын миллиардатаған доллар табыс алып жүрген Парсы шығанағының елдері көмектесуі керек. Бұл оның көршілері мен бауырлары ғой, мұны істемесе ұят болады.

Сондай-ақ Бизли әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын Қытайды да бұл бағытта үлес қосуға шақырды. Африкалық елдердің көбісі Қытайға белшесінен қарызға батқан. Егер бұл қарызының бір бөлігін Африка халықтарына көмек ретінде бөлсе, бұл талай жанды аштықтан сақтап қалар еді дейді. 

Бекболат Тұрмаханов