Бельгияда электр қуаты мен газ қымбаттады 

Бельгия, Франция және Нидерландта электр қуаты мен газдың бағасы рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық биржада өткен соңғы саудадан кейін осы үш елде бір мегаватт сағаттың құны 603 евродан асып кетті. Бұл осыдан екі күн бұрынғы бағадан екі есе жоғары. Ал бір мың текше метр газдың бағасы 3 мың еуроға жетті. Қуат көздерімен қатар азық-түлік бағасы да көтерілді. Қазіргі бағамен есептесек, Бельгияда әр үй жылына электр қуатына 2150 еуро, ал газ үшін 3800 еуро төлейтін болады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Амалдаған кей тұрғындар кеңседе жұмыс істесе, аптасына электр қуатына 85 еуро үнемдейтінін есептепті. Алайда бұған жұмыс берушілер қалай қарайтыны белгісіз.

Беатрис, Брюссель қаласының тұрғыны:

Бұрын айына 200 еуро төлейтін едім, ал енді 400 еуро. Зейнеткермін және шамалап жұмыс істеймін. Маған оңай емес.

Макс Ван Де Стейд, Брюссель қаласының тұрғыны:

– Егер электр қуатының бағасы өссе, төлеуге мәжбүрміз. Неліктен баға өсіп жатыр? Бұл мемлекет жағынан ауытқу немесе Украинадағы соғыс қимылына байланысты болуы мүмкін. Жұппен тұратындарға жақсы. Ал жалғызбастылар мен балалы отбасыларға қиын болмақ. Көбі енді көмек сұрайды.

Инфляция мен аптап ыстық салдарынан Бельгияда азық-түлік те қымбаттап кетті. Шілде айы соңғы 150 жылда ең ыстық ай болған және егістегі қуаңшылық ауылшаруашылық өнімдерінің бағасына әсер етті. Фермерлердің кәсіподақтары биыл пияз, жүгері, қызылша, картоп және бұршақ дақылдарының өнімі күткеннен аз болатынын хабарлады. Өткен жылмен салыстырғанда май, сүт өнімдері, балық пен нан бағасы 10-12 процентке өскен.

Мамандардың болжамынша, алдағы тәулікте бүкіл Еуропада күн райы қайта 30 градусқа дейін ысиды. Демек адамдар ауабаптағыштарды жиі қосатын болады. Франция мен Германияда жарық бағасы көтерілгендіктен, Бельгияның атом электр станциялары бұл елдерге экспорт көлемін арттырды. Салдарынан Бельгияда да электр қуаты қымбаттады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов