Ресей экономикасының құлдырауы 2024 жылға дейін жалғасуы мүмкін

Жаңа санкциялар қабылданған жағдайда Ресей экономикасының құлдырауы 2024 жылға дейін жалғасатын түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елдің Орталық банкі жасап отырған болжамы. Ахуал ушыға түссе, келесі жылы инфляция деңгейі 16 %-ке жетуі мүмкін. «Жалпы 2023 жылы Ресейдің жалпы ішкі өнімі қысқара береді және тек үш жылдан кейін ған қайта өсе бастауы ықтимал», – дейді сарапшылар. Биылғы жылдың екінші тоқсанында Ресейдің жалпы ішкі өнімі 4%-ке төмендеді. Экономикалық даму министрлігінің болжамынша, елге 2021 жылдың экономикалық көрсеткіштеріне қайта жету үшін бірнеше жыл қажет болады. Бұл мекеме тамыз айының ортасында жылдық инфляция деңгейін 14%-ке бағалаған. Ал Росстат алты апта қатарынан дефляцияны тіркеп отыр. Дегенмен жаз маусымына қарай көкөніс пен жемістер бағасы арзандағанымен, ел тұрғындары азық-түлікке кеткен шығынның едәуір артқанын айтады.

Дегенмен сәуір айынан бері доллар мен еуро бағамы 30 процентке түсті. Инфляция да төмендеп келеді. Алайда сарапшылар қаржының құнсыздану мен рубль бағамы Ресей экономикасын сауықтыра алмайды деп ескертуде. Импорт көлемі едәуір азайғандықтан рубль күшейді. Ал тұтынушылардың белсенділігі төмендеген жағдайдағы дефляция өндіріс көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін. Экономистердің пікірінше, ел экономикасы бірден құламайды, ол біртіндеп және ұзақ мерзім бойы төмендей береді.

Владислав Жуковский, экономист:

Экономика құлдилап, халықтың сатып алу қабілеті төмендегінін көріп отырмыз. Алғашқы жарты жылда зейнетақының нақты мөлшері 5%-ке, бөлшек сауда 9,5%-ке, көтерме сауда 18,9%-ке қысқарып, жиналатын салық мөлшері де күрт азайды. Мұнай мен газ сатудан қыруар қаражат түсіп жатқанымен, экономикалық белсенділік төмендеп, бюджет тапшылығы ұлғайып келеді.

Экономистер келесі жыл бұдан да ауыр болуы мүмкін дейді. Орталық банк болжамы бойынша елдің жалпы ішікі өнімі 4%-ке қысқарады. Ал экономикалық даму министрлігі оны 3% шамасында болады деп болжап отыр. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров