Польша мен Словакия арасында жаңа газ құбыры іске қосылды

Қос елдің газ жүйесін байланыстыратын жоба – Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің бір бөлігі. Оның ұзындығы 164 шақырым, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құбыр шекараға жақын Польша аймағынан басталып, Солвакияның Вельке-Капушаны қаласына дейін созылған. Қос ел билігі жоба Орталық Еуропа елдеріне көгілдір отын тасымалын оңтайландыруға септігін тигізетінін айтады. Ол Словакияға оңтүстік газ құбыры мен Адриатика теңізінен, ал Польшаға Норвегиядан жеткізілетін көгілдір отынды тасымалдауға мүмкіндік бермек. Бұл арқылы жыл сайын 10 миллиардтан астам текше метр газ тасымалдау жоспарланып отыр.  

Матеуш Моравецкий, Польша премьер-министрі:

– Бұл стратегиялық газ құбыры Польшамен бірге аймақтағы өзге елдердің де энергетикалық ахуалын жақсартады. Келешекте шикізатты тасымалдау ұлғая түседі. Бұл жоба еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.