Грузияда Боржоми шатқалындағы орман өртін тоқтату оңай болмай тұр

Грузияда Боржоми шатқалындағы орман өртін сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші жұмылдырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін мамандар ерекше қорғалатын аймақта лаулаған жалынды апта ортасына дейін сөндіретіндерін айтқан еді. Алайда қатты желден жалынның таралуын тоқтату әлі мүмкін болмай тұр.

Өрт сөндірушілердің Боржоми шатқалындағы жалынмен арпалысып жатқанына бір аптадан асты. Тілсіз жаумен күреске мыңнан аса адам жұмылдырылған. Түркия, Армения және Әзербайжан елдері көмектерін ұсынды.

Леван Давиташвили, Грузияның экономика және тұрақты даму министрі:

– Шатқалдағы орман өрті аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауынан туындаған. Әсіресе қарағайлы ағаштар тез жанып, оларды қорғау қиын соғып тұр. Бірақ қазір барлық күш жұмылдырылғандықтан оның жайылуын жуық арада тоқтатамыз деген үміттеміз. Көрші елдер де көмектесуге дайын екендерін жеткізді.

Мамандар лаулаған жалынды сөндіруге желмен бірге шатқалдың таулы аймақта орналасуы да кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Арнайы техника апат ауданына жете алмай шекара полициясының тікұшақтары қолданылып жатыр. Түркияның өрт сөндіруші ұшақтары да көмектесе бастаған. 

Леван Муселиани, Тбилиси төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының басшысы:

– Боржомидегі өртті сөндіруге бар күшімізді салып жатырмыз. Өрт ошақтарының көп бөлігі сөндірілгенмен әлі жанып жатқан орындар баршылық. Оларды бақылауға алу үшін авиация қолданылып жатыр.

Дегенмен Төтенше жағдайлар қызметі ерекше қорғалатын аймақтағы жағдай тұрақтала бастады деп отыр. Бірақ лаулаған жалын толықтай қашан сөндірілетінін ешкім дөп басып айта алмайды. 

 

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

 

 

Сондай-ақ...