Еуропада газ бағасы қымбаттады

Еуропада газ бағасы қымбаттады

Еуропада газдың құны 3,5 мың доллардан асты. Бұл кейінгі 26 жыл ішіндегі ең жоғарғы баға. Бұған себеп Газпромның Солтүстік ағын арқылы көгілдір отын тасымалын үш күнге тоқтатуы.

Мұның соңында кәрі құрлық биржаларында газ бағасы құбылды. Еуропалық одақ қыстан шығудың қамын ойлап, қоймаларға шикізат толтырып жатыр. Ал Ресей көгілдір отын жеткізуді азайта түскен.

Биржадағы саудада газ құнының шарықтауына себеп әртүрлі. Солардың бірі Азияда сұйытылған табиғи газ бағасының қымбаттауы. Ал кәрі құрлық қоймаларын шикізатқа толтырып жанталасып жатыр. Өйткені ресейлік Газпром тамыздың 31-інен бастап жұмыс істеп тұрған жалғыз турбинаны жөндеуге жауып, Солтүстік ағынмен көгілдір отынды тасмалдау уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді.

Владислав Жуковский , экономист:

- Солтүстік ағын газ құбырының барлық бөлігінің бір тармағы ғана жұмыс істеп, шикізат көлемі азайып барады. Түркияның Оңтүстік ағысы Еуропаға бағытталғанмен Газпром газ өндіру көлемін 37 пайызға азайтты. Бірлестіктің Еуропа нарығындағы үлесі 12 пайызға төмендеді.

Шикізатты өзге тасымалдаушылар да Ресей газының орнын толтыра алмайды. Норвегиялық газ балама ретінде қарастырылып отыр. Бірақ мамандар бұл ел алдағы 3 жылда көгілдір отынды жеткізуді бірден ұлғайта алмайтынын айтады. Сарапшылар әлемдегі өзге тасымалдаушылар кәрі құрлыққа шикізатты көптеп жеткізуге күш салып жатқанмен, қоймаларға жиналған отын қаңтар айына дейін жетуі мүмкін дейді. 

Виктор Хайков, Ресей экономикалық даму министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Олардың жинаған қоры қажеттіліктерін жеткілікті көлемде өтеуге жетпейді. Қазір Еуропа қоймаларын толтыруды қарқындатқанмен бұл оларға жеткіліксіз. Себебі, былтырғыдай тасымал жоқ. Сондықтан Солтүстік ағын-2 іске қосылмаса, баға одан әрі өсіп 4,5 мың долларға жетеді.

Тағы бір мәселе - мұнай бағасы. Әлемнің АҚШ, Қытай, Жапония сынды ірі тұтынушы елдер тоқырау шегінде тұрғанда қазіргі бағаға төтеп беруі екіталай. 

Виктор Хайков,  Ресей экономикалық даму министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Әлем экономикасына мұнай бағасының шарықтауы ауыр тиеді. Мәселе Ресейге ғана қатысты емес. Бұл Солтүстік ағын-2 құбырының іске қосылуына әкелуі мүмкін. Еуропаға сұйытылған табиғи газды жеткізуге тырысып жатқан АҚШ-та да баға бірнеше есе өскен.

Ал норвегиялық мамандар Ресей Финляндиямен шекарадағы зауытта күн сайын Еуроодақтың тәуліктік қажетілігінің жартысына жететін газды жағып жатқанын мәлімдеді. Ал Ресей мұны техникалық себептерге байланысты Солтүстік ағынның уақытша тоқтатылуымен түсіндіріп отыр.

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров