Еуропадағы энергетикалық дағдарыс

Апта сайын электр энергиясының бағасы қымбаттап, рекорд жаңарып жатқанын мәлімдейтін мемлекеттердің қатары көбейіп келеді.

Әсіресе Еуропадағы ахуал күрделі. Украинадағы шиеленіске байланысты кәрі құрлыққа көгілдір отын аз тасымалданып жатыр. Ал тұрғындар арасында қысты қалай өткіземіз деген үрей күшейіп барады. 

Еуропадағы энергетикалық дағдарыс былтыр басталды. Өйткені 2021-ші жылдың жазында жел күндер аз болған. Тиісінше электр энергиясының өндірісі қысқарып, газға деген сұраныс артты. Ал биыл Украинадағы жағдай шиеленісіп, Ресей Кәрі Құрлыққа көгілдір отын экспортын азайтты. Оның үстіне бұл елден келетін көмірге эмбарго жарияланды. Мұның бәрі энергетикалық дағдырысты ушықтырып жіберді. Қазір Еуропада бағалар шарықтап тұр. Әсіресе Германиядағы ахуал күрделі. Франциядағы жағдай да мәз емес. Дағдарыс салдарынан атом секторының жұмысында кедергі туындады. Билік жергілікті компанияларды электр энергиясын үнемдеуге шақырып отыр.

Элизабет Борн, Франция премьер-министрі:

- Электр энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін деген күдік бар. Сондықтан оны тұтыну мөлшерін азайтудың басқа амал жоқ. Өзгелерге үлгі көрсету үшін өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан әр министрлік қыркүйекте электр қуатын тұтыну мөлшерін 10 процентке қысқарту жоспарын ұсынуы тиіс. 

Ұлыбританияда энергетикалық дағдарыс. Тақауда құзырлы органдар 1 қазаннан бастап электр энергиясының бағасы 80 процентке өсетінін жария еткен. Бұл мәлімдеме онсыз да инфляция салдарынан күнін әзер көріп жүрген тұрғындар үшін ауыр соққы болды. Жұрт үнемдеуден басқа амал жоқ дейді. Көбі пандемия кезінде үйден жұмыс істеуге үйреніп қалған. Алайда жуырда жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, дауыс бергендердің төрттен бірі қыста кеңсеге ораламыз дейді. Сөйтіп коммуналдық төлемдерді азайту үшін жұмыс орнында жылынамыз дейді. Қазір британдықтар орта есеппен электр энергиясына 2 мың стерлинг фунтын жұмсаса, жыл соңында бұл көрсеткіш 3 жарым мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда, 2 миллион шамасында.

Гилври Лок, зейнеткер:

- Менің күйеуімнің денсаулығы нашар. Үйде үнемі жарық қосулы тұрады. Қыста жылусыз отыра алмаймыз. Енді жағдай қалай болмақ? 

Бағалардың өсуіне "Газпром" компаниясының "Солтүстік ағын" құбыры бойынша Еуропаға газ тасымалдауын 3 күнге тоқтату жоспары да әсер еткен. Ресейлік компания ертеңнен бастап жөндеу жұмыстарын жүргіземіз дейді. Еуроодақ келер жылдың басында электр энергиясы нарығында реформа жүргізу қажеттігі туралы айтады. Мұнда қазір электр қуатының құны газ электр станцияларымен орнатылады. Сондықтан  болашақта электр энергиясын күннен не желден көбірек алуды көздеп отыр. 

Жұлдыз Атагельдиева