Оқ астындағы оқу жылы басталды – Украина

Қауіп пен қатерге қарамастан Украина оқушылары мектепке барды. Бас прокуратураның ресми мәлімдемесі бойынша қарулы қақтығыстың салдарынан екі мыңнан астам оқу орны зақымданып, екі жүзден астам мектеп қираған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді ел үкіметі білім және ғылым министрлігіне оқудың төрт бағытын ұсынып отыр. Жеті жасар Зоя биыл бірінші рет мектепке баруы тиіс еді, алайда олар таңдаған оқу ордасы сапалы жертөлемен жарақталмаған. Сондықтан алғашқы ұстазы мен мектебін бүлдіршін экраннан ғана көретін болды. 25 тамызда ғана Украинаның Білім және ғылым министрі Сергей Шкарлет ел бойынша оқу орындары қауіпсіздік тұрғысынан 51 пайыз ғана дайын екенін мәлімдеді. Сондықтан балабақша, мектеп және оқу ордаларының басшылары мен ата-аналар «онлайн, офлайн, аралас не ауысыммен оқуды» өздері таңдап, жауапкершілікті де өз мойнына жүктеп отыр.

Ольга Мудрык, ата-ана:

Бірінші сыныпта шамамен отыз оқушы, оның ішінде екі бала ғана онлайн оқуды таңдап отыр. Бірінші сынып үшін онлайн оқу жүйесі қиындық туғызары сөзсіз.

Дмитрий Крик, шахмат бойынша үйірме жетекшісі:

– Қауіп-қатерге қарамастан, үйірме мен қосымша оқытуды жалғастыра беремін. Бұл ретте, сабақ уақытында балаларға жауапкершілік те менің мойнымда.

Ал екінші сыныпқа аяқ басқан Матвей оқуды мемлекеттік емес, жекеменшік оқу ордасында жалғастырды. Өйткені анасы Наташа мемлекеттік мектептің техникалық жағдайы сын көтермейді дейді. Сондықтан қымбат болса да, қауіпсіздік үшін қаражат төлеп, мектепті ауыстыруға тура келген.

Наташа Школьная, ата-ана:

Мемлекеттік емес, жекеменшік мектепті жертөлесі үшін таңдадық ашығын айтқанда. Өйткені кез келген уақытта жарылыс болуы мүмкін. Сондықтан жертөленің жағдайы, есік-керегенің қалыңдығы, мектеп шатырының мықтылығына да назар аудардық.

Марина Полищук, ата-ана:

Оқулық мәселесі Киевтің өзінде шешілмей тұр. Өйткені жақында Харьков қаласындағы кітап шығаратын кәсіпорын мен қойма жарылған, сондықтан әлі қажетті кітаптарды толық алмадық.

Украина Бас прокуратурасының ресми мәлімдемесі бойынша екі мыңнан астам оқу орны зақымдалып, екі жүзден астам мектеп қираған. Ел аумағының жиырма проценті Ресей қарамағына өткен, ондағы мектептердің саны мыңдап есептеледі. Салдарынан Украинадан шет елге 640 мыңға жуық оқушы қашқан, ал екі жүз мың оқушы Ресей әскері басып алған аумақта қалып қойған.

Авторы: Аида Қыдырбай