АҚШ-та коронавирус үдеп барады

АҚШ-та коронавирус үдеп барады

Америка апта сайын 11 қыркүйектегі террорлық актіден де көп азаматтарынан айырылып жатыр. Кесел сол баяғы ковидтен келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ екі жылғы пандемиядан әбден қажыған халық пен АҚШ билігінің бұған қазір бас ауыртқысы жоқ. Салдарынан еңбек нарығы да әлсіреп, экономикаға кері әсерін тигізуде.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Ковидтің беті қайтты дегенмен, кесірі жұртқа әлі тиіп жатыр. The Guardianның мәліметінше бұған жұрттың екпеден бас тартуынан бастап, қарапайым санитарлық талаптың сақталмауы себеп.

Видео: АҚШ штаттарының көбісі ақпаннан бастап шектеу шараларынан бас тартқан. Салдарынан иммунитеті әлсіз және егде адамдардың ажал құшуы азаймай тұр. Рокки Твайман, пандемияға қарсы күрес тобының белсендісі. Оның айтуынша шектеуді босаңсытқанның кесірінен егде жасмтағы ел тұрғындары зардап шегеді.

Рокки Твайман, пандемиямен күрес тобының белсендісі:

– Пандемия аяқталды деп айтуға әлі ерте. Біз жыл сайын вакцина алуымыз керек. Індетпен күресу үшін ғылыми технологиялық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, арнайы вакциналар өндіруіміз керек.

Тіпті Висконсин университеті жүргізген зерттеулерге қарағанда ковид жұқтырғандардың эмоциялық, психикалық, уайым мен сарсаңға салынғанның салдарынан ковидтен құлан таза айығу неғайбыл екен.

Соңғы екі жылда індеттің ілмегіне іліккендердің кесірінен экономика да іркіліс пайда болды. Әсіресе алысқа жүк таситындар қатары күрт кеміді. АҚШ-та 16 млн. еңбекке жарамды адамның дәл осы кеселдің кесірінен әлі құтыла алмай жүргенін ескерсек, олардың жыл сайын жоғалтатын жалақысының көлемі 200 млрд доллардан асады екен. Демек ковидттің созылмалы дертке айналуы ел экономикасына да кесірін тигізіп жатыр деген сөз. Биыл шілде айының өзінде 4 млн тұрғын созылмалы дерттің кесірінен күнделікті жұмысынан айырылған. Ал бұл дегеніңіз қазіргі АҚШ-тағы жұмысшы табының 2,4 проценті. Күн сайын ковидтен елде 500 адам қайтыс болса да, АҚШ үкіметі пандемиядан толық арылдық деп вакцина алуды тоқтатты. Тегін сынама беруді қойды. Шектеу шараларын жеңілдетті.

Ал соңғы мәлімет бойынша АҚШ-та коронавирустан 1 миллионнан астам адам қаза тапқан. Індет жұқтырғандар саны 94 миллонға жуықтап қалды.

Авторы: Нұрбек Бекен