Қытайда 21 млн халқы бар қалада локдаун жарияланды

Коронавирус күн суытқанда одан әрі көбеюі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның болжамы осындай.

Дәл қазір сабақ басталып, бірқатар ұжым жаңа маусымын бастағандықтан ел ішінде аралас-құралас көбейіп, дертті өршітіп жатуы да мүмкін. Сол себепті вирустан әзір құтылмайтынымыз анық. Сондықтан мамандар вакциналаудың ерте кеші жоқ деп отыр. Әріптесім Жұлдыз Атагельдиеваны тыңдайық.

Көп елде жүріп тұруға шектеу жоқ. Бірақ Қытай билігі коронавирустың бірді-екілі фактісі анықталса да қатаң шара қолдануға дайын отыр. Қазірдің өзінде екі ірі қалада локдаун жариялады. Бұған дейін 13 миллиондай тұрғыны бар Шэньчжэнның 7 ауданы оқшауланған. Енді 21 миллион адам тұратын Чэнду шаһары да жабылды. Бір аптада мұнда 800 адам вирус жұқтырған. Қазір бұл  мегаполисте ең қажетті деген тауарлар сататын дүкендер, дәріханалар мен ауруханалар ғана жұмыс істеп тұр. Көлік қатынамайды. Отбасынан тек бір адам тысқа шыға алады. Оның өзінде қолында ПТР-тест нәтижесі болуға тиіс. Тұрғындар үйден жұмыс істейді. Ал сабақтың басталуы кейінге шегерілді. Бұған дейін Шанхайда осындай қатаң талап енгізілген еді. Бірақ қазір қаладағы эпидахуал тұрақталып, жарты жылдық үзілістен кейін мектептер қайта ашылған.

БЛИЦ:

- Менің балам наурыздан бері үйде отырды. Сабақтар онлайн өтті. Енді мектепке бара алатыны қандай жақсы. Балам да мәз, мен де қуаныштымын.

- Мен баламды еш алаңдамай мектепке жібердім. Өйткені оқушылар күнделікті ПТР-тест тапсырады. Сондықтан біреу вирус жұқтырса, бірден білетін боламыз. 

Ресейде бір күнде 50 мың науқас анықталды        

Ресейде де эпидахуал жақсармай тұр. Мұнда кейінгі тәулікте 50 мыңнан аса адамның тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Мұндай көрсеткіш наурыздан бері алғаш рет тіркелді. Сарапшылар оған омикронның жаңа түрлері себеп дейді. Өйткені олар тез жұғады. Сонымен қоса қазір демалыс маусымы аяқталып, жұрт жұмысқа, студенттер мен балалар сабаққа оралып жатыр. Сарапшылар ауру деңгейінің артуына осы да себеп болғанын айтады. Осыған байланысты мамандар қоғамдық орындарда бетперде киюге кеңес береді.

Иммундау деңгейі әлі төмен 

Мамандар вирустан қорғанудың ең тиімді жолы вакцина салдыру екенін айтады. Кедей мемлекеттерде бұл көрсеткіш әлі де төмен. Тіпті табысы жоғары елдердің өзінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 30 пайызы, ал егде тұрғындардың 20 пайызы екпе жасатпаған. Кейінгі уақытта қолда бар препараттар жаңа штамдармен күресе алмайды деген әңгімелер жиі айтыла бастады. Осы орайда дәрілік заттардың еуропалық агенттігі дәл омикронның жаңа мутацияларына қарсы тиімділігі жоғары екі вакцинаны мақұлдады. 

Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...