Өрт әлемді әбігерге салды

Өрт әлемді әбігерге салып тұр. Калифорнияда тағы да күн ысып, температура 46 градусқа дейін жетеді деген болжам бар. Олай болса өрт тағы үдей түспек.

Жер шарының "өкпесі" саналатын Амазонияда өткен айда орман өртін санай алмай қалған. Мұндағы мамандар тілсіз жауға климаттың еш қатысы жоқ, бұған тек адамдар кінәлі дейді.  

Калифорнияда орман өртеніп жатыр. Өткен аптаның соңында басталған тілсіз жау 2 мың гектар аумаққа тарап үлгерген. Екі адам жарақат алды. 100-ге жуық үй күлге айналды. Табиғат апатына байланысты Сиския округінде төтенше жағдай жарияланған. Өңірде қазір жел басылмай тұр. Күн де ыстық. Отты сөндіруге осы кедергі болып отыр. Орманның өртенуіне осы аптап ыстық себеп болған. Мамандар жағдай жуық арада өзгере қоймайтынын айтады. Өйткені осы аптада ауа температурасы 46 градусқа жететінін болжайды. Кейінгі 20 жылда Калифорнияда орман өрті жиілеген. 2020 және 2021 жылы рекордтық аумақ өртеніп кеткен.  

Рик Кархарт, өрт сөндіруші:

- Калифорния үшін қыркүйек пен қазан күрделі кезеңнің бірі болмақ. Өйткені жаңбыр жаумағалы көп болды. Соның салдарынан шөп құрғап, тез тұтанғыш боп тұр. Жел де басылар емес. Әзірге келтірілген шығын туралы нақты мәлімет айта алмаймыз. 

Бразилияда тамызда 33 мың өрт ошағы тіркелді

Амазонияда биыл тамызда орман өртінің саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Өткен айда мұнда 33 мың өрт ошағы тіркелген. Мамандар бәріне фермерлер кінәлі дейді. Өйткені олар масақты өртеп, егіс алқаптарын келесі маусымға дайындайды. Ал экологтар Бразилияның президентін айыптап отыр. Ол билікке келгелі орманды отау дерегі көбейген. Енді төңіректегі елді мекен тұрғындары түтіннен көз аша алмай отырғандарын айтады.   

Австралиядағы өрт салдары

Австралияда 2019-2020 жылдары елдің есін шығарған алапат орман өртінің салдары біз ойлағаннан да ауыр болды. Британдық ғалымдар осылай дейді. Ол кезде 10 миллион гектер аумақ өртеніп кеткен. Миллиардтан аса жануар қырылды. Тілсіз жау экологияға да зиянын тигізді. Түтіннен атмосфераның стратосфера қабаты қызып, құрлықтағы орташа температура 3 градусқа артқан. Өйткені түтіннен озон тесігі үлкейіп кеткен.

Испанияда ыстықтан 4655 адам көз жұмды

Мамандар орман өртінің жиілеуіне климаттың өзгеруі себеп дейді. Биыл жаһандық жылынудың әсері Еуропада байқалды. Франция, Ұлыбритания мен Португалияда ауа температурасы рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Ал Испанияда аномальды аптап ыстықтан биыл жазда 4 жарым мыңнан аса адам қайтыс болды.   

Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...