Запорожье АЭС аумағын қарусыз аймақ ету ұсынылды

БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш Ресей мен Украинаға Запорожье атом электр станциясы аумағын қарусыз аймақ етуді ұсынды.

Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің алдында сөз сөйлеген Бас хатшы Атом қуаты жөніндегі халықаралық ұйым басшысы Рафаэль Гроссидің кеңестеріне қолдауын білдірді. Кеше бұл орган Украинадағы осы нысан бойынша баяндама жасап, оның аумағында атысты тоқтатуға шақырған. Осымен қатар қауіпсіздік жүйесін құрып, қызметкерлрдің алаңсыз жұмысына жағдай жасауға кеңес берді. Запорожье атом электр станциясын Ресей күштері биыл ақпан айында басып алған.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ресей және Украина күштері, ең алдымен, атом электр станциясы аумағында ешқандай әскери қимылдар жүргізбеу туралы міндеттеме алуы керек. Станция мен оның маңы ешқандай әскери нысанға айналмауы тиіс. Осыдан кейін тараптар бұл жерде қарусыз аймақ құру туралы келісім-шарт жасауы керек. Ресей күштері нысаннан кетіп, ал Украина әскері оған кірмеу туралы келісімге келуі қажет.  

Киев ұсынысты қолдады

Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық агенттіктің станция аумағында қарусыз аймақ құру ұсынысын қолдады. Өткен аптада Ұйым басшысы Рафаэль Гросси бастаған ұйымның бір топ өкілі осы нысанды барып тексеріп қайтқан. Австрияға орала салысымен Гросси әскери қимылдардан оған нұқсан келгенін мәлімдеген болатын. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Атом жөніндегі халықаралық агенттік Запорожье станциясына қатысты есебін жариялады. Онда нысан аумағында Ресей күштерінің әскери техникасы бары және біздің қызметкерлерге қысым көрсетіліп отырғаны айтылды. Ал Гроссидің станция аумағында қорғаныс аймағын құру туралы ұсынысына қатысты оның нақты нені білдіретінін білу керек. Егер әңгіме станция аумағын қарусыздандыру туралы болса, біз оны қолдаймыз.