Украинада жұмыссыздық рекордтық деңгейге жетті

Соғыстың салдарынан Украинадағы жұмыссыздық соңғы 20 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш – 35 процентке жетті.  Бұл туралы елдің Ұлттық банкі мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қақтығысқа қатысты қауіп-қатер, ішкі миграция мен сыртқы көші-қон және экономикалық белсенділіктің құлдырауы жаппай жұмыссыздыққа алып келді. 2021 жылы мемлекеттік жұмыспен қамту орталығындағылар елдегі жұмыссыздық деңгейі 9 процент болғанын айтқан. Биыл бұл көрсеткіш 40 процентке жуықтады. Ресми ақпарат осындай. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, қарулы қақтығыс салдарынан тұрақты жұмысынан және қызметінен айырылғандардың саны одан да көп. Мәселен, өткен жылы бір орынға төрт адам таласқан болса, биыл бір орынға 12 адамнан келеді. Әсіресе атыс-шабыстан көз ашпай отырған аймақтардың ахуалы тіпті қиын. Мысалы, Херсон облысында бір жұмыс орнына 152 адам, ал Николаев өңірінде бір бос орынға 39 қызметсіз қалғандар таласуда.  

Екатерина Пшенешнюк, кәсіпкер:

Киевтің өзінде қазір еңбек нарығындағы жағдай үлкен проблемаға айналды. Жұмыс беруші ретінде айтарым, қазір бос орынға таласушылар қатары күрт көбейді. Бір бос орынға бес-алты адамдан келеді. Жарты жыл бұрын бұл орын бір ай бойы бос тұратын, қазір ондай жоқ, аз айлыққа болса да, жұмыс сұрап жүргендердің саны еселеп артқан.

Кәсіпкер сөзінің жаны бар, қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтағы адамдар үлкен қаланы жағалай бастаған. Наталия Рабчевкая да бір ай бұрын ел шығысынан Киевке жұмыс іздеп көшіп келген. «Қалада кәсіп іздеп жүргендер саны өскенін анық байқадым, көбі өзім сияқты басқа өңірден келгендер», – дейді жас маман.

Наталия Рабчевская, сән саласының қызметкері:

Жаппай жұмыссыздық бәсекелестікті арттырды. Бейбіт күндегідей ақшасы мен орналасқан аймағына қарап жүретін уақыт емес. Жұмыс болса болғаны, ер азаматтарымыз майданда, сондықтан ақшасыз отыруға болмайды. Мысалы, менің ауылдағы ата-анам шағын бизнесті бастап, соғыс салдарынан жұмыссыз қалған ауылдас адамдарды аз қаражат болса да айлығын төлеп, қызметпен қамтып отыр.

Ел үкіметі соғыс уақытында бизнесті қолдау үшін салықтың жаңа жеңілдетілген реформасын енгізді.

Атап айтқанда Украина бизнесіне 20 проценттік қосымша құн салығының орнына айналымның 2 процентін төлеуге рұқсат етілді. Бірінші және екінші топтағы жеке тұлға кәсіпкерлері міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бойынша бірыңғай жарнадан босатылды.

Авторы: Аида Қыдырбай