Украинада коронавирус өршіді

Күз келіп, күн суытқалы Украинада коронавирус қайта өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша өткен аптада елде вирус жұқтырғандар саны он алты мыңнан асқан. Онсыз да дәрігер тапшы Украина, вирустың кезекті күзгі толқынымен қалай күреспек? 

Украинаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 24 ақпанға дейін тұрғындардың 45 проценті ғана екпенің екі дозасын алып үлгерген. Қарулы қақтығыс басталғалы вакцинация мәселесі толығымен тұралап қалды. Тек мамыр айының соңына қарай алпыс мың адам екпе салдырған. Ал 13 миллионнан астам тұрғын әлі екпенің екінші дозасын алмаған. Салдарынан күз түскелі елдегі эпидемиологиялық ахуал қайта ушықты. Өткен аптада ғана 16 мың 155 адам вирус жұқтырған.

Катерина Молченко, Киев тұрғыны:

- Дәрігер мен дәрі-дәрмек тапшылығын, әрі елдегі қиын жағдайды ескеріп, тұрғындардың жауапкершілікті өз мойынына алатын кез келді. Екпені сатып алсақ та, салдыру керек екенін сезіне бастадық, өйткені алда-жалда ауырып қалсақ, дер кезінде көмек ала алмай, дал болатынымыз анық. 

Қарулы қақтығысқа дейін де Украинада жүз мыңнан астам медициналық қызметкер тапшы болатын. Алатын айлықтары да мардымсыз. Мысалы медбикенің орташа айлығы 8 мың гривен, бұл доллардың қазіргі бағамымен 200 доллар шамасында,- дейді  экономист Алексей Плотников.  Оның үстіне қарулы қақтығыс кезінде ел үкіметі дәрігерлерге төленетін қосымша үстемақыны алып тастады. Ресми мәлімет бойынша, соңғы уақытта 2 мың 273 медициналық қызметкер шетелге кеткен.

Алексей Плотников, экономист:

- Ел үкіметі әлеуметтік төлемдерді қысқартуға көшті. Бюджет қызметкерлерінің айлығы тұрақты төленіп тұрады, алайда, ғылыми дәреже үшін беріліп келген қосымша қаражат қазір берілмейді. Дәрігерлердің де жағдайы осындай, айлық бар, бірақ қосымша жұмыс немесе түнде қызмет атқарғаны үшін медицина қызметкерлерінің үстемақы төленбейді.

Қарулы қақтығыс басталғалы елдегі 700-ге жуық медициналық нысанға зақым келіп, жүзден астамы толық қираған. Әсіресе, Украинаның шығыс, оңтүстік және орталық өңірлердегі медициналық орталықтар қатты зақымданған. Десе де, елдегі қиын кезеңге қарамастан, Украинаның денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға мүмкіндігінше екпе алудың маңыздылығын ескертеді. 

Аида Қыдырбай