Германияда газ дағдарысы

Украинадағы күрделі жағдай салдарынан Германия билігі энергетикалық саясатын түпкілікті өзгертуге мәжбүр қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер бұрын ресейлік газдың үлесі 55% болса, қарулы қақтығыс басталғаннан кейін екі ай өтісімен оның үлесі 35%-ке төмендеді. Газпром Солтүстік ағын құбырын үш рет жөндеу жұмыстарына жапты. Ал тамыз айының соңында мүлдем газ жеткізуді доғарды. Бұл неміс қауымын алаңдатып отыр. Өйткені Германияда үй шаруашылықтарының жартысы газ қолданады. Дегенмен канцлер қыста ешкім тоңбайтынына сенімді. Газ қоймалары 85%-ке толған, ал қысқа дайындық жұмыстары жоспарланғаннан да тез жүріп жатыр. Бұл Германияға ғана емес, бүкіл Еуроодаққа да қатысты мәселе.

Кадри Симсон,  Энергетика бойынша ео комиссары:

- Жер асты қоймаларымыз 83%-ке толған. Сондай-ақ Еуроодаққа мүше елдер газ тұтынуды азайтуға бағытталған шаралар қабылдап жатыр. Біз осы екі бағытта да жұмысымызды жалғастырумыз қажет. Шешімдеріміз ынтымақ пен үйлесімге негізделуі тиіс.

Германия билігі келер жылдың аяғына дейін ресейлік газдан тәуелділіктен толық құтылу мақсатын қойып тұр. Елде сұйытылған газ қабылдайтын терминалдар салына басталды. Алғашында үкімет 4 терминал салуды көздеген, ал қазір оның саны алтыға дейін артатыны белгілі болды. Олар толық күшпен 2024 жылға қарай жұмыс жасай бастайды, десе де биылғы қыстан бастап-ақ газ қабылдамақ. Сондай-ақ Германия жасыл сутекті өндіру жобаларына инвестиция құйып жатыр. 

Олаф Шольц,  Германия Канцлері:

- Ұзақ жылдар бойы Ресей газды жеткізу бойынша жағдайды анықтап келді. Біз тез арада осы тәуелділігімізден құтылуымыз керек. Сонымен қатар, жаңғыртылатын энергетика мен климатқа зиянсыз экономикаға көшуді тездетуіміз қажет. Тағы бір міндетіміз, табиғи газ орнына сутекті қолдану.

Энергия тапшылығына жол бермес үшін, Германияда қайта көмір электр станцияларын пайдалана бастады. Сонымен қатар атом станцияларының жұмысы тоқтатылмайды. Олар келесі көктемге дейін қолданыста болады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский