Қырғызстан шекараны дронмен қорғамақ 

Қырғызстандағы Баткен облысының төрт тұрғыны Тәжікстанмен шекарада болған атыстан жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда шекаралас 3 елді мекенде қарулы қақтығыс болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің хабарлауынша, қазір жағдай тұрақты, бірақ әлі де қауіп сейілген жоқ. Қырғызстан өз шекарасын Түрік дрондарының көмегімен қорғауға ниетті. Өткен жылы айыр қалпақты ағайындар ұшқышсыз басқарылатын бірнеше ұшақ сатып алған болатын. Ал енді оларға арналған база салынғаннан кейін дрондар әскери кезекшілікке қолданылуға дайын.

Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының президенті:

– Өткен жылы ел тарихында алғаш рет шекара қызметіне ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар сатып алдық. Қазір екпінді дрондарды басқаруға дайын мамандарымыз бар. Арнайы база салынып, енді ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар алдына қойылған барлық міндетті атқарады.