АҚШ электромобиль өндірісін қолға алды

Климаттың өзгеруінен зиян шегіп отырған АҚШ-та түрлі экологиялық жобалар қолға алынып жатыр. Солардың бірі электромобильдерге қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік олардың өндірісін арттырып, жанармаймен жүретін жаңа темір тұлпарлардың сатылымын біртіндеп шектеуге ниетті. Еуропада да ондай бастамалар аз емес. Алайда қазір кәрі құрлықта электр энергиясының бағасы шарықтап кеткен. Сондықтан электромобильді екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. 2030 жылға дейін АҚШ-та сатылатын жаңа көліктердің тең жарымы - электрмобильдер болуға тиіс. Былтыр президент осындай талап қойған. Сөйтіп штаттардың ішінде алғашқы болып Калифорния алдағы уақытта жанармаймен жүретін темір тұлпарлардың сатылымын тоқтататынын жария етті. Осылайша электрмобильдер өндірісін арттыру көзделіп отыр. Бірақ мамандар бір үлкен проблема барын айтқан еді. Электрмобильдерді қуаттайтын станция аз. Бұл түйткілді шешу үшін Президент қаржыландыруды бекітті. Жобаға 900 миллион доллар бөлінеді. Бұл туралы Джо Байден Детройтта ашылған автошоу кезінде жария етті.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Бүгін біз еліміздің алғашқы 35 штатында электрмобильдерді қуаттайтын өздерінің жеке инфрақұрылымын қаржыландыруды бекіттік. Осы шараның шеңберінде бүкіл ел аумағында 500 мың станция салынады.

Экологтар бастаманы бірауыздан қолдап отыр. Өйткені парниктік газдардың көп бөлігі жанармаймен жүретін көліктен бөлінетін зиянды заттардың үлесіне тиесілі. Алайда жобаға қарсы тараптар аз емес. Олардың айтар өз уәжі бар. 

Марко Голларза, автонарық сарапшысы:

АҚШ-та үй шаруашылықтарының 25 процентінде ғана көлікжай бар. Сонда қалғандары не істейді? Олар электрмобильдерін қайда қуаттайды? Ондай станциялар былай тұрсын, кейбір өңірде жолда жанармай құю бекетін таппай дал боласың.

Экологиялық бастамалар Нидерландта да қолға алынған. Мұнда студенттер күн энергиясымен жүретін спорттық электрмобиль ойлап тапты. Ол ауаны ластамайды. Бұдан бөлек бөлшектерінің көбі қайта өңделген пластиктен жасалған. Көлікте екі фильтр орнатылған. Олар көмірқышқыл газын сіңіріп алады.  

Дженс Лахайе, Эйндховен университетінің өкілі:

– Біздің көлік электр қуатымен жүреді. Онда 9 батарея орнатылған. Кейін оларды қайтадан қолдануға болады. Көлік бөлшектерінің 80 проценті қайта өңделген пластиктен жасалған. Біз оларды 3Д принтердің көмегімен басып шығардық. Бұл әлемдегі ең экологиялық көлік саналады.

Ал неміс тұтынушылары елде электрмобильдердің қымбаттағанын айтады. Оған шикізат тапшылығы және электр энергиясы құнының өсуі себеп. Қазір Еуропада энергетикалық дағдарыс өршіп тұр. Германияда ондай көлікті қуаттау бағасы 10 процентке артқан. Бұрындары супермаркеттер сатып алушылар үшін темір тұлпарын тегін қуаттауды ұсынатын. Алайда соңғы кездері ірі дүкендер желісі бұл қызмет үшін қосымша ақы алатын болған.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева