Әлем қымбатшылық қыспағында

Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп барады. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте кәрі құрлық мемлекетері бағаны реттеу үшін не істеп жатыр? Жалпы бағаның бұлайша аспандап кетуіне не себеп? Қымбатшылық бұл күндері әлем елдері үшін басты мәселеге айналды. Тұрғындардың тапқан-таянғанының бәрі дерлік азық-түлік пен энергияға кетіп жатыр. Себебі тауар бағасы шарықтап тұр. Мұндай құбылыс, әсіресе, кәрі құрлық елдерінде қатты байқалады. Ресми дерекке сүйенсек, қазір Испанияда азық-түлік пен сусын бағасы былтырмен салыстырғанда шамамен 14 пайызға қымбат. Жылдық инфляцияға да тұсау болмай тұр. Тамыз айында ол 10,5 процентті құрады. Осының кесірінен ел азаматтары азық-түлік сатып алуды кәдімгідей азайтқан.

Жыл бойы көтеріліп келген бағалар Германиядағы әлеуметтің де қалтасын қағып жатыр. Ет пен ет өнімдері бұрынғыдан 19 пайызға қымбат. Газ бен жанармай бағасы да аспандап тұр. Былтырғы шілдеден бері көгілдір отын 84 пайызға, ал жанармай 16,5 процентке өскен. Осыған байланысты ел үкіметі жуырда азаматтарды қолдау шараларын қолға алды.

Атап айтқанда, зейнеткерлерге 300 еуро, ал студенттерге 200 еуро көлемінде бір жолғы төлем беріледі. Балаларға арналған жәрдемақы ұлғаймақ. Ол үшін бюджеттен 65 миллиард еуро бөлінбек.Сонымен қатар, мыңдаған кәсіпорынға салық бойынша жеңілдіқ жасалмақ.

Көгілдір отынның қымбаттап кетуінен грек халқы да қиналып жатыр. Алдағы қыста жағдайымыз қалай болмақ деп алаңдайды тұрғындар. Өйткені табиғи газдың бағасы қолжетімсіз болып кеткен. Статистика қызметі келтірген дерекке сай, жылдық мөлшерлеме бойынша көгілдір отын қазір 261 пайызға қымбат. Электр қуатының бағасы 38,5 пайызға өссе, мазут 65 пайызға артқан. Осыған байланысты жергілікті жұрт ағаш отын жинауға кіріскен. Басқа амал жоқ. Үйді жылытудың жалғыз жолы осы ғана болып тұр.

Жүгенсіз нарық пен бұғаусыз кеткен бағаларға тоқтам бар ма? Еуроодақ елдері қазір осы мәселенің шешімін іздеп, бас қатырып жатыр. Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйенның айтуынша, Еуропаны дағдарыстың шығарудың қазір бірнеше жолы бар. Олар: электр қуатына деген сұранысты азайту, электр қуатын өндіретін компаниялардың үстеме пайдасын тұтынушыларға көмек ретінде беру және ресейлік газдың шекті бағасын бекіту.

Айта кетейін, кәрі құрлықта бағаның өсуі пандемия және Украинадағы ахуалмен байланысты.