Ыстамбұлда қазақ-түрік қарым-қатынастарының кеңінен талқыланған сараптамалық дөңгелек үстелі өтті

Жаңа кезеңдегі Қазақстан: Қазақстан достарының эксперттік кездесуі. Осындай атаумен Ыстамбұлда еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістер мен Түркі әлеміндегі ынтымақтастық, соның ішінде қазақ-түрік қарым-қатынастарының кеңінен талқыланған сараптамалық дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазақстандағы өзгерістерге сырт көз - әлем елдері де көз тігіп отыр. Әсіресе түбі бір түркі жұртының көңілі бөлек. Ыстамбұлдағы өткен сарапшылар жиынында Қазақстанның Бас консулы Әлім Байел Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды және Президенттің соңғы Жолдауын таныстырды. Мұнда қатысушыларды Президент өкілеттігіне қатысты өзгерістер мен 2024 жылдан бастап Ұлттық қор табысының тең жартысын балалардың арнаулы есепшотына жиналуы қызықтырған.

Хасан Үнал, Малтепе университеті Саясаттану және халықаралық байланыстар бөлімінің профессоры:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дипломат болғандықтан барлық бастамаларын байыбына бара отырып, өте сауатты жасауда. Мәселен, Президент өкілеттігін 7 жылға және тек бір мерзім ғана сайланатын етіп өзгертуі – демократиялық дамудың жаңа деңгейі. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімін арттырып, аймақтағы рөлін күшейтері сөзсіз.

Өмер Кул, Ыстамбұл университетінің ғылыми зерттеу институтының сарапшысы:

- Президент Тоқаев мырзаның соңғы жолдауында өте маңызды шешімдер туралы айтылды. Мысалы, 18 жасқа дейінгі балалардың шотына  білім алуға, баспана алуға ұлттық қордан белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінеді. Бұл –биліктің өз азаматтарына деген қамқорлықтың бір белгісі.  

Әлем жаһандық жылыну мен экономикалық тоқыраудың алдында тұр. «Сондықтан елге сырттан инвестиция тартудың маңызы зор», – дейді Таяу Шығыс зерттеулері платформасының басшысы. Оның айтуынша, инвесторларға берілетін жеңілдік – дамыған елдердің басты әдістерінің бірі.

Али Семин, Таяу Шығыс зерттеулері платформасы басшысы:

- Экономикалық дағдарыс, климаттық өзгеріс пен астық мәселесі өте өзекті. Сондықтан инвестицияның тиімді жолдарын қарастыру қажет. Соңғы Жолдауда инвесторларға ерекше басымдық беріліп отыр. 300 мың долларлық инвестиция салушы шетел азаматтарына 10 жылдық ықтиярхат беру арқылы көптеп инвестор тартуға болады. Осылайша, елде жаңа жұмыс орындары пайда болады. Түркия да бұл әдісті біраз жылдан бері қолданып келеді.

Жиын соңында қонақтарға түрік тіліндегі Қазақстандағы реформалар мен жолдау кітапшасы тарту етілді. Сарапшылар: «Осындай жиындарды дағдыға айналдырып, келелі кеңестер өткізіп отырсақ екіжақты пайдасы мол», – дейді.

Авторы: Меруерт Қанағат