Украинада референдум өткізуге дайындық басталды

Украинаның Мәскеу бақылауындағы өңірлері Ресей құрамына кіру туралы референдум өткізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы, Луганск халық республикасы, Херсон облысы мен Запорож облысының билігі дауыс беру 23-27 қыркүйек аралығында өтетінін жария етті. Басшылық бұл тұрғындар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан сауалдар түскеннен кейін қабылданған шешім екенін мәлімдеді. Дауыс беру электронды түрде өтпейтіні бірден айтылды. Өйткені ондай мүмкіндік жоқ. Референдумге кедергі еткендер заң алдында жауап береді.

Денис Пушилин, ДХР басшысы:

Бізге қоғамдық палаталардан сауал түсті. Менде мынадай ұсыныс бар. Басқа өңірлердің әкімшілік басшыларымен күш біріктірген дұрыс деп санаймын. Сонда референдумге дайындық жүргізудң алгоритмін әзірлей аламыз.

Владимир Овчаренко, Херсон облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Көп сауал түсті. Сондықтан біз Херсон облысының Ресей Федерациясының құрамына кіруі туралы референдум өткізетін уақыт келді деп шештік. Біз бейбіт өмір сүргіміз келеді. Киев режимінің кесірінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру саласының быт-шыты шықты.

Украинадағы референдумге қатысты Кремль түсініктеме берді. Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің айтуынша, саяси шара Ресейдің даму векторын түбегейлі өзгертеді. Ал мемлекеттік дума депутаттары бүгін «мобилизация», «әскери жағдай», «әскери уақыт» түсініктерін енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ әскери қызметтен қашқан үшін жаза 10 жылға дейін артты.

Айта кетерлігі, соңғы жаңалықтарға байланысты Мәскеу биржасында акциялар 10 процентке дейін құлдыраған.