Испанияда қуат көздерін үнемдеуге қатысты заң күшіне енді

Бұдан былай энергияны көп тартатын құрылғыларды пайдалану бойынша лимит енгізіліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белгіленген ереже тұрғындардан бастап мемлекеттік органдар мен сауда орындарын қамтиды.

Температуралық лимит – жақында ғана заңдың күшіне енген қуат көздерін үнемдеуге қатысты құжатта жиі қолданылатын сөз тіркесі. Бұдан былай Испания билігі энергияны үнемдеу бойынша қатаң шаралар кешенін қабылдамақ. Атап айтқанда, елдегі барлық мемлекеттік ғимараттарда, сауда және кеңсе орталықтарында, кинотеатр, қонақүй, вокзал мен әуежайларда сондай-ақ дүкен, транспорт және мұражайларда температуралық шектеу қатаң сақталауы тиіс. Мысалы, «қыс мезгілінде нысан температурасы небәрі 19 градус болуы тиіс» деп бекітілді. Түнгі сағат 22:00-ден кейін кеңселерде жарық қосуға тиым салынды. Сондай-ақ дүкен терезелеріндегі де қосымша жарықтандырулар алынып тасталады. 

Андрея Алонсо, Барселона қаласының тұрғыны:

- Күнделікті тұрмыста қуат үнемдеуді жаздан бері қолға алып келеміз. Наурыз айынан бері электр энергиясының бағасы екі есеге өсті. Қатты ыстық болса да кондиционер қоспай шыдауға тура келді.

Билік тұрғындардан тұрмыста мейлінше энергияны сақтап әрі үнемдейтін жабдықтарды қолдануға шақырып отыр. Қалалардағы сәулет ескерткіштерін де түнде жарықтандыруға тыйым салынды. Заң тармағын бұзғандарға айыппұл көлемі аз емес: 60 мыңнан 100 млн еуроға дейін жетуі мүмкін. Алайда мұндай қатаң заң жобасына аймақтағы билік пен коммерциялық мекемелердің кәсіпкерлері қарсы. «Өйткені туризм қызып тұрған қалада түнгі онда жарықты сөндіре салу –үкіметтің асығыс қабылдаған шешімі», – дейді кәсіпкерлер.

Ангелес Гарсия, кәсіпкер:

- Билік жаз уақытында дәмхана мен мейрамханадағы температура 27 градус болсын деп бекітіпті. Бұл – қапырық ыстық, 20-22 градуста ғана адам салқындай алады. Энергияны үнемдеуге қатысты заң асығыс қабылданды, сондықтан Испанияда үлкен наразылық акциялары жүруі мүмкін.

«Билік бекіткен белгілі бір температураны қонақүйлерде де сақтап қалу техникалық жағынан өте қиын», – дейді испандық кәсіпкерлер. Өйткені қонақүйдің әр бөлмесінде  қонақ температураны өз қалауы бойынша орнатып алуға мүмкіндік беретін ауа ылғалдатқышы бар. «Түрме сияқты барлығын қадағалап отыру тіпті мүмкін емес», – деп қосады қарсылық танытушылар. Оның өзінде ковидтен енді құтылғанда терезені қымтап, қуатты қатты үнемдеп отыру тағы оңай емес. Дей тұрғанмен, Еуропалық Одақ талап етіп отырғаннан кейін Испания билігі қуатты қатаң үнемдеу жұмысын жалғастыра бермек. Қазірдің өзінде билік биыл тұрғындарды Рождестволық жарық шамдарынан бас тартуға үндеп отыр.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач