Ұзаққа созылған пандемиядан кейін Еуропаның туристік нарығы жаңғыра бастады

Мұны көрмедегі туроператорлардың белсенділігі дәлел. Оған қатысу үшін әлемнің түрлі елдерінен 35 мыңдай кәсіби маман келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында жеке туристік бағыт ретінде Алматы қаласы да бар.

Марлен Маралов, Алматы қаласы Туризм басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Ковидтен кейін әрине бізде қатты өсім байқалады. Еуропадан келген туристер саны үш есе артты. Алғашқы жарты жылда Франциядан 2 мыңдай адамды қабылдадық. Қазір бүкіл Еуропадан туристтерді тартып жатырмыз. Көрмелер мен роуд-шоуларға қатысып келеміз, өйткені бұл Қазақстан аумағы мен Алматы қаласына туристерді тарту бойынша басты міндеттеріміздің бірі.

Алматы – қаладан алыс ұзамай, тау шаңғысымен айналысуға мүмкіндік беретін азғантай жерлердің бірі. Араб елдері, Үндістан мен Ресей туристері бұл шаһарға баруды ұнатады. Биыл жазда қаладағы мейманханалар 90 процентке толды, бұл рекордты көрсеткіш. Туристер арасында еуропалықтардың саны көп емес. Кәрі құрылықтан Қазақстанға қатынау қымбат. Сондықтан бізге ұзақ уақытқа, кем дегенде 10 күнге келеді.

Қазақстандық стенд жергілікті туроператорлардың қызуғышылығын туғызды. Алайда қазір біздің бағытқа жолдама сату қиындап кетті. Украинадағы соғысқа қатысты Шығыс Еуропа пен Орталық Азияға бағытындағы саяхаттарға да сұраныс төмендеді. Дегенмен Қазақстанның әсем табиғатына тәнті туристер де баршылық.

Наташа Дему, «Parfums Du Monde» туристік компаниясының сату бөлімінің жетекшісі:

- Францияда Қазақстанды насихаттау жұмыстары қарқынды емес, бұл ел біздер үшін әлі де таңсық болып отыр. Франциядағы туризм саласының мамандары Қазақстан жайлы көп біле бермейді. Сол себепті француз телеарнасында Қазақстан жөнінде шағын бағдарлама жасауға кеңес берер едім. Себебі сіздерде жұрттың қызығушылығын туғызатын дүниелер бар.

Алайда француздар саяхатқа аса сақтықпен қарайды. Оларды Қазақстанға тарту үшін қауіпсіздікке кепіл беріп, тікелей әуеқатынасын орнату қажет.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Сондай-ақ...