loader


Еуропа энергетикалық дағдарыспен күресу үшін 500 млрд еуро жұмсамақ

Бұл туралы Бельгияның Bruegel сараптамалық орталығы мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

ЕуроОдақ-тың 27 мемлекеті жағдайды жеңілдету шараларына жалпы 314 млрд, ал Ұлыбритания 178 млрд еуро бөлді. Осылайша, Қарт құрлық  елдері жергілікті  тұрғындарды, өнеркәсіп  орындарын газ бен электр энергиясының бағасының күрт өсуінен арашалап алмақ. Бұл қаражаттың ішінде энергетикалық компанияларға берілетін несие және қатаң үнемдеу шараларына жұмсалатын ақша қарастырылмақ. Енді Ресейден газдың жеткізілуінің тоқтауына байланысты алдағы жылдары жылыту маусымында  күрделі қиындықтар болайын деп тұр.  Айта кетейік, ЕО-тағы газ қоры қазір орта есеппен 86% құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылдардармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ресейлік газдың үлесі Еуроодақтың жалпы импортында 9% - ға кеміген.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Италияда электр энергиясы мен газ бағасы қазірдің өзінде шарықтап тұр. Халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне қарасақ, тұрғындардың 80  пайызы шығындарын үнемдеп, демалыстарын кейінге қалдырып,  қымбат заттардан және басқа да мейраханаларға кететін шығындардан бас тартып отыр. Шағын және орта  бизнес өкілдері  тіпті тығырыққа тірелген. Парламенттік сайлау қарсаңында үміткерлер де қалыптасқан ахуалға алаңдап қалды.

Лаура Рамони, мейрамхана иесі:

Мен есік алдына «шот келді» деген жазуы бар қуыршақ қойып қойдым. Мәселен неге кофенің бағасы тым қымбаттап кеткенін адамдар білсін. Электр қуатына мен осы айда 2500 еуро төледім.  Шынымды айтсам, бізге кәсіпкерлерге қиын болайын деп тұр.

Натали Точчи, халықаралық институттың директоры:

Үміткерлер арасында да энергетикалық және экономикалық мәселелерге байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірақ барлық партиялар бірауыздан Еуропада энергия бағасының шегі белгіленуі керек дейді. Десе де, әр елде бағаны тұрақтау қиынға соғуы мүмкін.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Францияда да энергия қуатының бағасы шарықтап, азық-түліктің  қымбаттауына әкеп  соқты. Бұдан бөлек, елде  енді сүт, ет, көкөніс тапшылығы туындауы  мүмкін. Соңғы деректерге қарасақ, олардың бағасы 2-3 есе өскен. Қалыптасқан жағдай әсіресе ауылшаруашылық секторына оңайға тиіп жатқан жоқ. Бұл  мәліметтерді жергілікті Figaro басылымы таратып отыр.Айта кетейік, биыл Францияда аптап ыстық болып талай өндіріс мекемесіне кесірін тигізген. Енді оған Украиндағы ахуал қосылып отыр. Осының бәрі өндіріс саласына ауыр соққы берді. Кей фермерлер тіпті қаражат таппай  жарықсыз қалуымыз мүмкін деп қауіптенеді.

АҚШ ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒУ ЖОЛДАРЫН ҚАРАСТЫРЫП ЖАТЫР

Америка Құрама Штаттары әлем елдеріндегі қаржы және энергетикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатыр. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі банк мөлшерлемесін ең жоғары көрсеткішке дейін көтерді. Мұндай деңгей 2008 жылдан бері болмаған еді.  Осылайша, Орталық банк инфляцияны ұстап тұрмақ. Айта  кететін жайт, бұған дейін шұғыл іске асқан жұмыстар арқылы инфляцияны тамыз айында 8,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туған.  Алайда, бұл көрсеткіш америкалықтар үшін әлі де жоғары, елде барлығы қымбаттап барады. Мұндай өзгерістерден азиялық қор биржалары да алыс кете алмады. Олардың индекстері ең төменгі дәрежеге түскен. Сарапшылар болса, АҚШ-тың банк мөлшерлемесін арттыру, басқа елдерді де сондай қадам жасауға итермелейді. Бұл еуроның одан әрі құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.  

Сондай-ақ...