Францияда мемлекеттік ауруханалар қызметкерлері шеруге шықты

Францияда наразылық шаралары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медицина қызметкерлері Париж көшелеріне шеруге шықты. Ал бір аптадан кейін қоғамдық көлік қызметкерлерінің ереуілі басталмақшы. Олардың айтары бір. Шерушілер мемлекеттік ауруханалардағы жағдай науқастарға да, қызметкерлерге де, қауіпті деп отыр. Париждегі мемлекеттік ауруханалар әкімшілігі алдында жүздеген адам жиналды. Негізі наразы топтың қарасы мұнан да көп болады деп күтілген еді. Себебі елдің медицина саласындағы проблемалары көптен бері қордаланып қалған.

Розме Руссо, Париж қаласы қоғамдық ауруханалар бірлестігінің хатшысы:

– Париждегі мемлекеттік ауруханалар жүйесінде орта деңгейдегі 800-ден аса маман жетіспейді. Жалақысына қызықпайтындықтан, адамдарды да жалдай алмаймыз. Әріптестеріміздің көбісі белгіленген уақыттан көп жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбіреуі тіпті аптасына 40-45 сағаттан артық еңбек етеді.

Франция денсаулық сақтау жүйесін үнемі рефорамалап отырады. Алайда шерушілердің айтуынша, одан пайда жоқ. Соңғы жиырма жылда ауруханалардағы төсек-орын саны 80 мыңға қысқарған.

Орели Жошо, медбике:

Мемлекеттік ауруханаларда жағдай қиын. Төсек орын саны қысқарып, мамандар жұмыстан шығып жатыр, жұмыс орындары да азайды. Жалақысы да көңіл көншітпейді. Оны үш жарым процентке көтерді, бірақ ұзақ жылдарға созылған инфляция кесірінен бұл тұрмыстық қажеттіліктерімізге жетпейді.

Шерушілердің айтуынша, қалыптасқан жағдайдың науқастарға да зияны тиіп тұр. Дәрігердің қабылдауын сағаттап, ал жоспарлы операцияны айлап күтеді. Ал наразы топ мемлекеттік ауруханалардың жұмыс кестесі мен жалақы мөлшерін және еңбек жағдайын қайта қарастыруды талап етіп отыр.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан