Әлемдік технология жетістіктері қолданыста

Әлемде пандемия кезінде медицина саласы дамып, көптеген қызметті цифрландыру мүмкін болды. Еуропада ортақ «науқас картасы» енгізілді. Ал Гонконгта  эпидемия уақытында өздігінен жүретін жүк көлігі қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық одақ мемлекеттері ортақ «науқас картасын» енгізе бастады. Осылайша адамдардың денсаулығы жайлы деректер Еуропаның барлық елінде емханаларда қолжетімді болмақ. Дәлірек айтсақ, еуропалықтар электрондық науқас картасы арқылы Қарт құрлық аумағында кез келген медициналық көмекті ала алады. Дәрігерлер болса, енді үнемі сапарда жүретін жергілікті тұрғындармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдей түседі дейді.

Лоран Ванденхове, терапевт:

Науқастар туралы мәліметтер электронды базада болғаны ыңғайлы. Дегенмен, тілдік тосқауылға байланысты түрлі түсініспеушілік болуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында барлық деректер дәрігерге аударылып тұруы маңызды.

ЖАПОНИЯ

Ал Жапонияда киборг тарақандары енді іздеу құтқару шараларына жәрдемдеспек. Егер мәселен, жер сілкінісі болған жағдайда үйінділер астында аман қалғандарды бірінші болып осындай ерекше жәндіктер анықтай алады. Жапон зерттеушілері қоңыздың арқасына күн батареясы арқылы қуат алатын «сөмке» орнатып, оның қозғалысын қашықтықтан басқарады. Бұдан бөлек, тарақанға адам шашынан да жұқа қабықша салынады. Сөйтіп, Bluetooth сымсыз сигналдың көмегімен оның қозғалысы бақыланады. Зерттеушілер бұл жұмысқа арнайы Мадагаскардағы тарақандарды таңдаған. Себебі олар ірі және қанатсыз болып келеді. Енді мамандар жәндіктерге камералар орнатуды көздеп отыр.

Кендзиро Фукуда, Riken ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

– Біздің мақсатымыз адамның аяғы жетпейтін жерлерге жету. Зілзала бола қалса, қиранды астында тірі адамдарды таба аламыз. Бұл жылдар бойы жасалған зерттеулердің нәтижесі. Тек жәндіктерге орнатылған батареялар тез таусылады, сондықтан әлі де зерттеу жұмыстары жасалуға тиіс.

ҚЫТАЙ

Гонконгта өздігінен жүретін жүк көлігі жалпы қолданыстағы жолдарға шығарылды. Таяуда Гонконгтың ғылым және техника университетінің ғалымдары осыған рұқсат алып, көптен күткен жетістікке жетіп отыр. «Геркулес» атты автономды автокөлік енді қолданысқа беріледі. 3D картасы орнатылған көлік кең көлемді визуалды кеңістігі бар құралмен және сенсорлық навигатормен жабдықталған.

Ван Луцзя, университет орталығының директоры:

– Біз ғимараттарға байланыссыз жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін шешеміз деп үміттенеміз. Болашақта бұл машинаны зауыттар қолдана алады. Жалпы өздігінен жүретін көліктерді бес деңгейге бөлуге болады. Бізде төртіншісі. Бұл дегеніміз, мұнда жүргізуші қажеттілігі болмайды.

Жүргізушісіз машина жолдағы кедергілерді анықтап, бағыты бойынша қозғалысын жоспарлай алады. Сондықтан оларды қашықтан бақылау мүмкіндігі бар. Өздігінен жүретін көлік автоматтандыру тұрғысынан 4-ші деңгейге жеткен, оның бортына заманауи сенсорлар мен камералар орнатылған. Мамандардың айтуынша, бұл да эпидемия кезінде байланыссыз жеткізуді жеңілдететін таптырмас құрал болады.