Өзбекстанда мақта теру науқаны жүріп жатыр

Қыркүйектің бірінде басталған шаруа алғашқы қар түскенше жалғасады. Бұл іске жер-жерден еңбеккерлер жиналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр келі мақта үшін ақысына 1 мың 500 сом, яғни 65 теңге төленеді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қазақстанда бидай брэнд болса, Өзбекстанда мақташылық негізгі кәсіп саналады. Сонау Мауренахр кезеңінен бар. Ескендір Зұлхарнайынға қатысты тарихи деректерде осы аймақты мекендеген халықтың мақтадан киім тігіп, кигені айтылады. Содан бері өзбек халқының тыныс-тіршілігінде бұл кәсіп маңызды орын алады. Әлемдік өндірушілер рейтингісінде бауырлас мемлекет 6-орында.

Мақта алқабында 50-ге тарта адам еңбек етеді. Күніне 200 келі өнім жинайтындар бар. Көбі қыз-жігіттер. Жасы 60-тан асқан зейнеткерлер де кездеседі. Олар үшін бұл – қосымша табыс көзі.

Садиярхон Хәкімова, мақта теруші:

Әндіжанның өзінен келіп тұрмыз. Балаларыммен бірге мақта тереміз. Жеке өзім күніне 100 келі жинаймын. Табыс жақсы. Белім ауырмайды. Жаттығу секілді сезінемін.

Шаруаны өндіріп істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне, қолмен терілген өнім таза әрі бағалы келеді. Ақ алтынның сапасы бұзылмас үшін арнайы техника қолданылмайды.

Шароходдин Кәрімов, мақта селекциясы институтының бөлім басшысы:

– Қолмен терілген өнімнің ішінде тұқымы болады. Соны жинақтап, келер жылға сақтаймыз. Егінге қайта қолданылады. Көлікпен жинайтын өңірлер де бар. Дегенмен белгілі бір бөлігіне адамдардың қол күші керек. Бір алқаптан 2-3 мәрте мақтап теріледі.

Ел бойынша жиын-терім науқанына 21 мыңнан астам отряд құрылды. Бұл 2 миллионға жуық адам шаруаға білек сыбана кірісті деген сөз. Әдетте мақта теруші күніне 80 келі өнім жинаса, көбі көрсеткішті асыра орындауға тырысады. Сондықтан бір ғана тәулікте 150 гектар жерден 12 тонна ақ алтын алынуы мүмкін.

Хұршидбек Жалолов, мақта селекциясы институтының аға ғылыми қызметкері:

– Сұлтан, Бұқара 102, Наманган 77 сынды тұқым түрлері егіледі. Мәселен, Хорезм өңірінде бар мақта, басқа аймаққа бейімделіп кетпейді. Бұқарада өзіндік сұрып өседі. Ташкент облысындағы алқаптар мол өнім береді.

Өзбекстанда мақта негізгі экспорттық өнім. Жартысы шетелге жөнелтіледі. Үкімет шаруаларға арнайы кластер құрған. Жеке-дара жұмыс істейтін фермерлік құрылымдар аз. Мамандардың айтуынша, биыл егіннің шығымы жақсы. Бұрынғыдай мол суды қажет етпейді. Тіршілік нәрін үнемдеу үшін тамшылатып суару әдісі кең қолданылып жатыр. Бұл мақсатқа мемлекет субсидия береді.

 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов