Испанияда Фиеста Ла Мерсе мерекесі басталды 

 

Жыл сайын қыркүйек айының соңында Испания халқы мен туристер Фиеста Ла Мерсе мерекесін тағатсыздана күтеді. Діни мерекенің тамыры ХVII ғасырдан бастау алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аңыз бойынша 1687 жылы Барселона тұрғындары шегірткелер шабуылына тап болып, үлкен астық дағдарысына ұшырайды. Осынау жұттан халықты Мерсе деген мейірбан қорғаушы сақтап қалыпты-мыс. Содан бері барселоналықтар бұл мерекені «Фиеста Ла Мерсе» деп меншіктеп, кең көлемде атап өтеді. Алайда әлемді әбігерге салған пандемия кезінде бұл мереке тойланбай келген.

 Базиль, турист:

Біз жанұямызбен осы мерекеге Франциядан арнайы келдік. Үлкенге де, балаға да қызық. Бірақ тамақ, қонақүй мен көліктің бағасы үш тіпті төрт есеге дейін артыпты.

Ла Мерсе мерекесі бір аптаға дейін созылады. Бұл күндері қаланың негізгі көшелері мен алаңдарынан алып мүсіндердің билерін тегін тамашалауға мүмкіндік жасалған. Ұлттық ән мен би әрі көркем карнавал, түрлі лазерлік шоуды және отшашуларды айтпағанда, адамдардан құралған биіктігі 5-6 сатыға жететін «тірі мұнара» мерекенің басты атрибутына айналған. Дей тұрғанмен, испандықтар биыл мереке коммерциялық бағытқа көп назар бұрып кеткенін де айтып шағымданып отыр.

Саванна Алонсо, Барселона қаласының тұрғыны:

Шыны керек, бұл мереке де коммерциялық бағытқа бой бұра бастапты. Пандемия алдында көне дәстүр мен түрлі қиындықтағы шоулар өтетін еді, қазір көшенің барлық жерінде тамақ сатылып жатыр. Өкінішті.

Ла Мерсе мерекесі түнде де тоқтаусыз тойланады. Коррефок деп аталатын фестивальдың негізгі бөлімінде жын перілер мен айдаhарлардың отшеруіне басымдық беріледі. Бұл бір жағынан қауіпті қойылым. Өйткені айдаһардың аузынан қып-қызыл өрт ұшқындағанда, арнайы киім киіп, дайындықсыз келген турист опық жеп қалуы мүмкін. Сондықтан бұл қойылымға балаларды ертіп әкелуге тыйым салынған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Сондай-ақ...