Моңғолиядан табылған бітік тас бетіндегі жазуларды ғалымдар құнды жәдігер деп бағалап отыр

Түркі тарихы тереңдей түсті. Моңғолияның Номгон аңғарында табылған бітік тас бетіндегі жазулар өркениетімізге сәуле түсірді. Мамандар жәдігердің құндылығы Білге Қаған және Күлтегін жазбаларымен пара-пар деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл түркі тарихына қатысты соңғы бір ғасырда табылған ең маңызды жаңалық.

Құтлық Елтеріс қаған – VII ғасырда екінші түрік қағанатын құрып, Қытай елімен тең дәрежелі қарым-қатынас орнатқан қаған. Баршамыздың білетін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі. Осы себепті Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының ашқан жаңалығы барша түркі жұртшылығы үшін маңызы зор.

Физули Маджидли, халықаралық түркі академиясының президенті міндетін атқарушы:

-Қазірге дейін түркі тарихында белгілі және Томсон тарапынан ашылған 130 жылдан бергі ең ауқымды тарихи-археологиялық жаңалық десек кем айтпаймыз. Түркі дәуірінің құнды жәдігерінде «түрік» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткіші болып табылады. Бұған дейін түрік атауы Білге қаған мен Күлтегін жазбаларында кездесетін еді.

Бурсадағы рәсім Құтлық қаған кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактлерді қамтитын фотосуреттер көрмесімен басталды. Оған түріктің белгілі ғалымдары, елшілер мен туыстас халықтардың БАҚ өкілдері қатысты.

Экспедицияға қатысқан белгілі түрколог Нәпіл Базылханның айтуынша, жәдігердің біреуін өзіміздің археологтар тапса, екіншісі жер астынан табылған. Ал, жер астынан тарихи мұраны табу оңай емес, әрі басқа да ескерткіштер бар деген сөз.

Нәпіл Базылхан, түркітанушы:

- Түркология ғылымында 1890 жылдары Ядернецев, Хейкел, Радлов, Томсон, Мистер Шмидт сияқты Енисей жазуларын зерттеген ғалымдар бар. Бұл содан кейін табылған ең үлкен жазбамыз. Демек бұл әлемдік түркологияда үлкен жаңалық боп есептеледі.  Яғни жер астынан табылған үлкен ескерткіш.

Рамазан Коркмаз, Кавказ университеттері қауымдастығының президенті:

-  Бурсаға арнайы тарихи жәдігеріміз жайлы білу үшін келдім. Бұл бәріміздің ортақ жетістігіміз. Бастаманы көтерген ғалым әрі түркі дүниесіне еңбегі мінген Дархан Қыдырәлі мен Түркі академиясына алғысымды айтамын. Енді бізге түскен басты міндет, мұны жедел түрде тарих және түркология оқулықтарына енгізу.

Халықаралық Түркі академиясының бұрынғы президенті Дархан Қыдырәлі бастамасымен жүзеге асқан зерттеу жұмыстары Моңғол жерінде 2016 жылдан бері жалғасып келе жатыр.. Халықаралық ұйым алдағы уақытта Құтлық қаған кешенін ашық аспан мұражайына айналдырып, арнайы статус алуға бел буып отыр.

Авторы: Меруерт Қанағат

 

Сондай-ақ...