loader


Ұзын-сонар кептеліс: Грузия – Ресей шекарасы

Автокөліктер кезегі сағат сайын ұзарып келеді. Шекарадан өту үшін адамдар тәуліктеп күтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әсіресе әйелдер мен балаларға қиын, өйткені айналада демалатын орын жоқ. Дегенмен Грузияға бара жатқандардың көбі - ер адамдар. Жоғарғы Ларс-Грузия мен Ресейді құрылық арқылы байланыстыратын жалғыз өткел. Өткен аптамен салыстырғанда, шекара асқан адамдардың саны 23%-ке артқан. Ресейліктердің көбісі велосипедке мінген, өйткені бұл шекараны кесіп өтудің ең тез жолы. Ресей жағында автокөліктер кезегі 20 шақырымға созылған, адамдар екі тәулік бойы тұр. Кеше мұнда жағдайды бақылау үшін БТР келді.

Матвей, Ресей азаматы:

– Өзім Мәскеуденмін, ұзақ жүрдім. Алдымен Мәскеуден автокөлікке мініп шықтық. Сосын Грузияға жақындағанда үлкен кептеліске түстік. Ақыры осында келдім. Кептелісте бір тәуліктен аса уақыт тұрдым. Кейін күтуден шаршап, велосипед тауып, сонымен баруды шештім. Өйткені осылай тезірек жетесің.

Жұрт әбден шаршап, жүйкесі тозған. Жасы үлкендер әңгімелескісі келмейді. Жастар Грузия оларға екінші отан болатынына сенімді.

Владимир, Ресей азаматы:

– Өзім Краснодарданмын, жігіттер де сол өңірден. Біреуі Пятигорсктан, Қырымнан да бар. Жеке өзім елімізде болып жатқан жағдаймен келіспеймін. Мен ақша тауып, технологияларды дамытқым келеді, соғысқым келмейді. Оған қоса, бұл өмір бойы бірге өскен адамдарымыз ғой.

Ресейден Грузияға кеткісі келгендер саны азаймай тұр. Шекарадан тәулігіне 3 мыңнан аса көлік өтеді. Ал қалыптасқан жағдайға байланысты жүк көліктері өткелде бір аптадай тұр. Грузияның кеден қызметі күшейтілген жұмыс режиміне ауысып, өткелдегі қызметкерлер саны көбейтілді.

Авторы: Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...