Ресейліктердің Түркия мен БАӘ-не сұранысы жоғары

Ресейден қашқандар жалғыз біздің елді ғана сағалап жатқан жоқ. ТМД елдері және Грузия мен Түркияңызда да осы жағдай және ресейліктер табан тіреп жатқан тек бұл елдер ғана емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жұрт ағылған соң бұл жақтарда да баспана бағасы қымбаттады. Жылжымайтын мүлікті сатып алу құны да, жалдау ақысы да өсті. Ал Ресейдің өзінде керісінше сұраныс төмендеген. Иә, жартылай мобилизация туралы жарияланғаннан кейін Мәскеуде баспананы жалдауға деген сұраныс 50 процентке дейін төмендеген.

Шетелден жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде ресейіктерді көбіне Грекия, Кипр мен Португалия қызықтыратын. Бұл былтырғы көрсеткіштер. Алайда биыл жағдай өзгерді. Алдымен ақпанда Украинада қарулы қақтығыс басталды. Енді таяуда жартылай мобилизация жарияланды. Енді ресейліктердің дені Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінен баспана сатып алатын болған. Сондай-ақ Испания, Кипр, Мальта, Израиль секілді жылы мемлекеттерге, Кәріб бассейні елдеріне де сұраныс жоғары. Бұл бағыттардың неліктен танымал екенін сарапшылар былай түсіндіреді.

Марина Шалаева, Knight Frank Russia компаниясының аймақтық директоры:

– Бұл елдерде тұруға ықтиярхат алу жеңілірек. Сондай-ақ билік шетелдік инвесторларға қатаң шарт қоймайды. Шетелден баспана сатып алу туралы сауалдың 70 проценті тұруға ықтиярхат не азаматтық алумен байланысты. Бұл бағытта Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне сұраныс жоғары.