Ресей қандай жағдай болса да ядролық қаруды қолданбауы керек – НАТО

Ал егер ондай әрекетке барса зардабы өте ауыр болады. НАТО ұйымының бас хатшысы Йенс Столтенберг осындай ескерту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл сөздері Дмитрий Медведевтің Твиттерде жариялаған мәлімдемесіне жауап болды. Онда Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Украинада ядролық қару қолданса, НАТО бұған араласпайды деп жазылған. НАТО-ға мүше елдердің қару-жарақ бойынша ұлттық директорларының шұғыл өткен кездесуінде Столтенберг одақтастарын  қару-жарақ қорларын мүмкіндігінше тез толтыруға шақырды.

Оның айтуынша, бұл шаралар Украинаны қолдауға қажет болуы мүмкін.

Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:

- Ешқашан ядролық қаруды қолдануға болмайды, бұл жанжалдың сипатын мүлдем өзгертеді. Ресей ядролық соғыста жеңуге болмайтынын және ол мүмкін емес екенін білуге тиіс. Ядролық қару қолдану мүмкіндігі жоғары деп айтып тұрған жоқпын. Бірақ Ресей президенті Путин қайта-қайта осы тақырыпты қозғап отырғанын көріп, бұған мұқият қарауымыз керек. Сондықтан мұны аяқсыз қалдырмай, Ресейге зардабы ауыр болатыны жөнінде нақты белгі беріп отырмыз.