Әлем референдумды сынға алды

ЕуроОдақ Украинаның 4 аймағында өткізілген референдумды жалған деп мәлімдеді. Еурокомиссия президенті Урсула Фон дер Ляйен Одаққа мүше 27 елге Ресейге қарсы жаңа санкция салуды ұсынды.

Ол бойынша Ресейдің авиация, электроника және химия салаларына шектеулерді күшейту көзделіп отыр. Референдумды ұйымдастыруға қатысқан тұлғалар қара тізімге енгізіледі.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Біз жалған рефрендумдар мен Украинаның аумағын қосып алуға бағытталған кез келген әрекетті мойындамаймыз. Кремльдің жағдайды одан әрі ушықтырып жатқаны үшін жаңа санкция енгізіледі. Бұл ресейлік тауарлардың Еуропа нарығына кіруін шектеп, Мәскеуді тағы 7 миллиард еуро кірісінен айырады.

АҚШ билігі де референдум Кремльдің алдын ала ойластырған жолымен жүзеге асырылғанын айтып, олардың еш заңдық негізі жоқ деді. Референдумдардың нәтижесіне қарамастан, бұл аймақтар Украина өңірлері болып қала беретінін атап өтті.

Нед Прайс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

- Путин мен оның көмекшілері қалай дәлелдеуге тырысса да бұл аймақтар Украинаның аумағы болып қала береді. Украина өзінің егемендігі мен аумақтық тұстастығын қорғауға толық құқығы бар. АҚШ Ресейдің Украина жерлерін қосып алуға бағытталған әрекеттерін ешқашан танымайды. Керісінше біз одақтастарымызбен Ресейге қысымды күшейте береміз.

Мәселе өткен сейсенбі күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде де  талқыланды. Халықарлық ұйымға мүше елдердің басым бөлігі Ресейдің әрекетін айыптады. Дағдарысты дереу келіссөз арқылы шешуге шақырды.

Ферит Ходжа, Албанияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Әлемде ешбір мемлекет қарудың күшімен өткізген референдумды ешқашан мойындамайды. Луганск, Донецк, Запорожье және Херсонда ұйымдастырылған шаралар демократияға мүлдем қайшы. Украиналықтар өз таңдауын ерікті түрде жасаған жоқ. Халықаралық сайлау талаптары да сақталмады.

Чжан Цзюнь, Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Біз Украина мәселесінің ашық шешілуін қалаймыз. Басқаша айтқанда барлық елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс. БҰҰ жарғысының мақсаттары мен приницптері бұзылмауы керек. Барлық елдің заңды мүдделері ескеріліп, мәселені бейбіт жолмен шешуге күш салу қажет. 

Осындай айыптауларға қарамастан Мәскеу алған бетінен қайтар емес. Ертең Кремльде осы аймақтардың Ресейге қосылуы туралы келісім-шартқа қол қою салтанаты өткізілмек. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Ал ресми Киев Мәскеудің әрекеттеріне қарамастан, жаулап алынған жерлерді азат ету үшін күрес жалғаса беретінін жеткізді.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

 

Сондай-ақ...