V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды

Біз міне Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтіп жатқан этно спорттық қалашығына келдік. Дәстүрлі дода үшін арнайы жасалған қалашық Бурса провинциясының Изник елді мекенінен бірнеше шақырым жерде орналасқан. Әрбір елге мына тұрған үй секілді жеке киіз үйлер тігілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов кешке еліміздің спортшыларын қабылдап, еліміздің абыройын одан әрі асқақтатуына тілектестік білдіреді. Жалпы Қазақстан атынан қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша 53 спортшы ел намысын қорғайды. Мұнда спорттық жарыстар бүгін таңғы уақытта басталды. Еліміздің көкпаршылары Өзбек елінің жігіттерімен бақ сынасып, 8:1 есеппен жеңіп шықты. Ендігі жекпе-жек Моңғолиямен.

Айта кетерлік жәйт, көкпар ресми спорт ойындары ретінде көшпенділер ойындарына бірінші рет еніп отыр. Сондай-ақ бүгін кешке көкбөріден жарыс өтпек. Жалпы екі спорт түрінен де басты қарсыласымыздың қырғыздар екенін айтып өткен жөн. Десе де спортшыларымыз бұл жолы олжамен қайтамыз деп нық сеніп білдіріп отыр. Осы спорттық доданың қай түрінен жеңіс қоржынына олжа саламыз деп болжап отырсыздар?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу рәсімі екі сағаттан кейін өтпек. Оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен тағы бірқатар елдің президенттері, үкімет басшылары, министрлері қатыспақ. Еліміз атынан президенттің тапсырмасымен арнайы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған делегация келіп отыр.

Айта кеткен жөн, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстаннан тыс жерде өтіп жатыр. Спорттық дода қазанның екісіне дейін жалғасады.