Германияда жұмыс күші жетіспей жатыр

Германияда жұмыс қолы жетіспей жатыр. Қара жұмыс істейтін адамдармен қатар білікті мамандар да тапшы. Басты себептерінің бірі демографиялық ахуал. Жыл сайын зейнетке шығатын маман саны көбейіп келеді, ал орнын толтыратын адам жоқ. Білікті мамандар шетелге кетіп жатыр. Мәселен неміс дәрігерлері Швейцария мен АҚШ-қа жұмысқа баратын болды.

Германияға дәрігер, инженер, тәрбиешілермен қатар электрик мамандар да қажет. Бұдан бөлек ай-ти саласында 100 мыңдай орын бос тұр. Тап осыншама жүк көлік жүргізушілері де керек. Қызметкерлерді жалдау үшін компаниялардың көбі вакансиялар жәрмеңкесіне қатысады. Германияда жыл сайын бос жұмыс орындарын толтыру мақсатында үш жүздей шара ұйымдастырылады. 

Кристиане Хардт, аурухана өкілі:

- Берлинде 18 клиникамыз бар. Осы көрмеде медицина саласын таңдасын деп жастарды шақырамыз. Үш жылдық оқыту мен жұмыс орынды ұсынып отырмыз. Кестесі икемді, әлеуметтік жәрдемнің толық пакеті және қызметкерлерге арналған үлкен спортзалымыз бар. Германияда медицина қызметкерлеріне сұраныс өсіп келеді. Сондықтан мамандарды белсенді іздеп жатырмыз.

Жас мамандармен қатар вакансиялар жәрмеңкесіне болашақ мамандығын таңдағысы келетін оқушылар да келеді. Тәжірибелі кеңесшілер қай пәндерден жоғары баға керектігін және жұмысына қандай дағды қажет екенін түсіндіреді.

Якоб, оқушы:

- Берлинде қандай вакансиялар барын білу үшін бүкіл сыныппен келдік. Бізге өте ұнады. Мысалға мен ағам сияқты полицей болғым келеді. Бүгін анкетаны толтырып, сәті түссе полицияда тәжірибеден өтемін. Жалақысы жақсы, жылдық демалысы ұзақ болатын әрі ынталандыратын жұмыс табуды армандаймын. 

Азуль, оқушы:

- Бұл өте жақсы идея. Маман іздеген қаншама компания бір жерде жиналған. Бірден барлық шарттын білуге болады. Берлиндегі клиникалардың бірінде тәжірибеден өткім келеді. Бірақ арманым - табиғаттану мұражайында жұмыс істеу.

Сондай-ақ осындай жәрмеңкелерде фирмалар қайта оқудан өту немесе біліктілігін арттыруды да ұсынып отыр.

Фолькер Хайнц, компания басқарушысы:

- Бізде қайта оқудан өткен адамдардың 70%-тен астамы жақсы жұмыс табады. Ай-ти мамандарына сұраныс жоғары. Біз адамдарға өз өмірінде жаңа жол табуға көмектесеміз. Қажет болған жағдайда тіл де үйретеміз.

Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін Германия үкіметі миграция заңнамасын өзгертпек. «Мүмкіндіктер картасы» әзірленіп, біліктілігі жоғары шетел азаматтары осы карта арқылы елге жұмыс істеуге келе алады. 

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновски