Ресей құрамына жаңа аумақтар қосу туралы келісімге қол қойылды

Мәскеуде дәл қазір жаңа өңірлерді Ресей құрамына қабылдау рәсімі өтіп жатыр. Кеше көрші елдің басшысы Украинаның Запорожье және Херсон облыстарының тәуелсіздігін мойындаған. 2014 жылы Владимир Путин Украинадағы өзін-өзі жариялаған Донецк пен Луганск халық республикаларының егемендігін де мойындаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптаның басында Украинаның 4 өңірі Ресей құрамына кіру туралы референдум өткізетінін жария етті. Бұл Запорожье және Херсон облыстары, өзін-өзі жарияланған Донецк және Луганск халық республикалары. Запорожьеның бір бөлігі және Херсон облысы түгелдей дерлік Ресей әскерінің бақылауына өткен. Сөйтіп 23-27 қыркүйек аралығында бұл 4 аймақта референдум болды. Жергілікті биліктің берген мәліметіне сүйенсек, тұрғындардың басым көпшілігі Ресей құрамына кіру үшін дауыс берген.

Бүгін Кремльде Ресей құрамына жаңа аумақтар қосу жөнінде келісімдерге қол қойылды. Мәскеуде не болып жатқанын меншікті тілшіміз Дана Нұржан айтып берді.

Дана Нұржан, тілші:

– Тек Ресей ғана мойындаған референдумдар нәтижесі жарияланғаннан кейін, бүгін ел құрамына жаңа аумақтар қосу туралы келісімдерге қол қойылды. Осыдан кейін президент Владимир Путин жаңа өңірлердің басшыларымен кездесіп, үндеу жасады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жаңа өңірлер Ресей құрамына кіргеннен кейін, олар елдің ажырамас бөлігіне айналатынын мәлімдеді. Ал бұл аумаққа жасалған соққыларды Ресейге қарсы басқыншылық ретінде қарастырмақ. 

Билік жаңа жерлер қосуды қолдайтын ауқымды шеру ұйымдастырып. Ол Қызыл Алаңда митингпен аяқталуы керек. Біз осында автобустармен адамдарды жеткізіп отырғанын көріп тұрмыз. Көбі түрлі мекемелер ұйымдастырған топтар құрамында келген. Қала орталығы таңертеңнен бері толығымен қоршауға алынып, ондағы жағдайды тәртіп сақшылары бақылап отыр. Наразылық білдірген жұртты көрген жоқпыз. Еске салып кетсек, елде ішінара мобилизация жалғасып жатыр. Қазір әскер құрамына 300 мың адам шақырту көзделіп отыр.

ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Әлем елдері бұған қатысты өз пікірлерін білдіріп жатыр. Мәселен, АҚШ басшысы референдумның заңсыз өткенін айтып, оның нәтижесін мойындамайтынын жеткізді. Америкадан бөлек «Үлкен жетіліккке» кіретін Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция мен Жапония билігі де осындай пікір танытты.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– АҚШ бұл «референдум» делінген шараның нәтижесін ешқашан, тағы да қайталап өтемін ешқашан мойындамайды. Ешқандай референдум болған жоқ. Бұл Украина халқының қалауы емес. Мәскеу нәтижелерді бұрмалап алды. Ресейдің бұл қылығы БҰҰ-ның жарғысын және егемендік пен аумақтық тұтастықтың негізгі қағидаттарын бұзады.

БҰҰ демекші, халықаралық бірлестік басшысы да соңғы жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Ресей билігінің шешімі халықаралық құқыққа қайшы келеді және жағдайды одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін. Референдум өткен өңірлерде қазір қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Ол жерлердің көбін Ресей әскері өз бақылауына алды. Сондықтан онда тұратын халық өз еркін білдірді деген мәліметке сенуге болмайды.

Еуроодақ өкілдері де Ресейдің шешімін құптамайтынын жеткізді. Сөйтіп Кремльдің бұл қадамына қатысты санкциялардың жаңа пакеті әзірленіп жатқанын да айтты. Соңғы мәлімет бойынша Еурокомиссия Еуроодақ мемлекеттеріне Ресей азаматтарының үшінші елдерден визаға қатысты жіберген өтініштерін қабылдамауға кеңес берді. Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі де соңғы жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірген. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан өзін-өзі жариялаған Донецк пен Луганск республикалары және Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумға қатысты «мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын» негізге алатынын айтты. Ол сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен осы ұйым жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық принциптерін сақтаудың маңыздылығын атап өткенін де жеткізді.