АҚШ халқы дауылдан дүрлікті

АҚШ-тың үш штатындағы жойқын дауылдан қаза тапқандар саны 80 адамға жуықтап қалды.

Су басқан аймақтан 1100 адам құтқарылды. Қазір Ян дауылы үй-жайын шайып кеткен тұрғындар күнделікті тірліктеріне орала бастаған. Ал құтқарушылар қатты жел қиратқан үйінділер астынан тірі қалғандарды іздестіріп жатыр. АҚШ-тағы тілшіміз Нұрбек Бекеннің айтуынша, Флорида штатындағы дауылдың әсері 1500 шақырым жердегі Вирджиния штатына да жеткен. Вашингтонда үшінші күн жаңбыр жауып тұр.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Ян дауылы АҚШ тарихындағы ең жойқын әрі ең көп шығын келген табиғи апат болды, деді президент Джо Байден. Тілсіз жаудан Флоридада 74, Солтүстік Королинада 4 адам қаза тапты. Құтқару, іздеу жұмыстары кезінде құрбандар саны артуы мүмкін. 837 мың үй-жай мен кәсіпорын жарықсыз қалды. Зардап шеккен тұрғындардың басым бөлігі егде жастағы адамдар екен. Өйткені Флоридадағы Санибел аралы зейнеткерлер мен туристер демалатын оффшор аймақ саналады. Жойқын дауыл аралға апаратын жолды қиратып өткендіктен, құтқару жұмыстары негізінен тікұшақпен жүргізілді. Ал барлық жиған тергенін осындағы жылжымайтын мүлікке салып, бір сәтте айырылған тұрғындар  көмекке мұқтаж.

Рики Андерсон, тұрғын:

- Бізге біреу көмек бере ала ма екен? Шығын мөлшері тым көп. Өзіңіз айналадан көріп тұрғандай ештеңе қалмады. Жарық жоқ, телефон жоқ. Барар жерім де жоқ.

Сағатына 240 шақырым жылдамдықпен соққан жойқын дауылдың әсері біз тұрған Вирджинияға да жетті. Ресми мәлімет бойынша 6 мыңға жуық нысан жарықсыз қалған. Ақ үйдің хабарлауынша сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден бірінші ханым Джилл Байденмен табиғи апаттан зардап шеккен Флорида штатына барады. 

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Үйлер мен ғимараттар қирап қалды. Оны қалыпқа келтіруге көп уақыт кетеді. Біз жойқын дауылдан зардап шеккен тұрғындарға көңіл айтамыз.

Президент табиғи апаттан үлкен зардап келген штаттарға федералдық деңгейде көмек көрсету жөнінде шешім қабылдап, декларацияға қол қойды. Ал кеше Байден Солтүстік Королинада төтенше жағдай жариялады.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Жалпы Флоридада АҚШ-тың өзге штаттарымен салыстырғанда су тасқынына байланысты ең көп сақтандыру жасалады  екен. Сарапшылар Ян дауылынан келген шығын Флорида штатының тарихындағы ең үлкені болатынын айтады.

Нұрбек Бекен