Гаитиде тырысқақтан жеті адам көз жұмды

Гаитиде тырысқақ ауруы өршіп барады.

Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша індеттен 7 адам көз жұмған. Тағы 20-дан астамы инфекция жұқтырды деген күдікпен аурухаға түскен. Инфекция ошағы ел астанасы Порт-о-Пренсте басталған. Билік өкілдері бұл соңғы 3 жылда Кариб теңізі аумағында тіркелген алғашқы жағдай дейді. Мамандар індеттің таралуына жол бермеу үшін халықты гигиена ережелерін сақтап, алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу емханаға баруға шақырады. Айта кетейік, Гаитиде тырысқақ эпидемиясы 2010 жылы өзен-көлдердің ластануынан басталды. Содан бері инфекцияға 9 мыңнан астам тұрғын шалдығып, опат болды. Ал ауру жұқтырғандар саны 800 мыңға жетті.