loader


Қырғызстанда пәтерді жалға алу ақысы күрт қымбаттап кетті

Елге ресейліктердің жаппай келуіне байланысты жалдамалы үйлердің иелері оның бағасын көтере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Cоңғы бір айда Қырғызстанда пәтер жалдау ақысы бір жарым-екі есе өсті. Оның өзінде тұрғын үй табу қиын. Ресейліктер келмей тұрып, бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы 160 доллардан басталса, қазір 250-ден басталады. Екі, үш бөлмелі пәтерлер одан да қымбат. Сұраныс өскенін пайдаланып, пәтер иелері бұрынғы жалгерлерін үйлерінен шығара бастады.  

Айсалкын Качкынбекова, Бішкек қаласының тұрғыны:

– Осыдан екі жыл бұрын пәтерді жалдағанда, иесімен ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға келістік. Бірақ таяуда пәтер иесі аяқ астынан пәтер босатуды талап етті, бұған небары екі күн берген. Сосын жаңа тұрғындары менен үш есе көп төлейтінін білдім.   

Пәтерлермен қатар хостел секілді баспананың өзге де түрлері қымбаттады. Бағасы арзан болғандықтан, хостелдерде бос орын табу қиын. Сағаттап жалға берілетін бөлмелердің де бағасы өсті. Кейбір интернет-басылымдардың мәліметінше, соңғы бір айда тәуліктеп жалданатын пәтерлердің ақысы 15 есе өсіп, қазір орта шамамен 40 доллар тұрады.  

Хаммад Африди, медициналық академияның студенті:

– Биыл пәтер табу қиындап кетті. Тіпті біз де, бірнеше жыл бойы осында тұрған пәкістандықтар қиналып қалдық.Ұзақ уақыт тұрып жатқанымызға қарамастан, иелері ақысын көтерді. Енді 500 доллардың орнына 800 төлейсіңдер дейді. Бірақ осындай бағаға да пәтер табу қиын. 

Бішкек тұрғындары осы салада бағаларды кім реттеу керек деген сауал қоя бастады. Заңда ондай ереже белгіленбегендіктен, монополияға қарсы комитеттің ондай құзыры жоқ екені анықталды. Оған қоса, пәтерді жалға беретін мыңдаған адамды бақылауға мүмкіндіктері де жетпейді. Билік тек пәтер иелерін салықты уақытылы төлеуге ғана міндеттей алады. 

Авторлары. Бақыт Чермашев

Сондай-ақ...